Түркияда туристер мінген автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 11 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Маниса провинциясында туристік автобус пен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 27 адам жарақат алды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.

Түркияда туристік автобус пен жүк көлігі соқтығысып, 11 адам қаза тапты
Фото: hurriyet.com.tr

Жол апаты «Гебзе — Орхангази — Измир» автомагистралінің Ақхисар ауданына қарасты ақылы жол өткізу пункті маңында болған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жіберілді.

ntv.com.tr басылымының мәліметінше, автобус Бурса қаласынан Денизли провинциясындағы Памуккале ауданына қарай бет алған.

Алдын ала болжам бойынша, автобус жүргізушісі қажетті жолайрықтан өтіп кетіп, кейін көлікті кері жүргізуге әрекет жасаған. Осы кезде жүк көлігі автобустың артқы жағынан соғылған. Қазір апаттың мән-жайы анықталып жатыр.

Маниса провинциясының губернаторы Вахдеттин Өзканның хабарлауынша, зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда жатыр. Қалған жараланғандар өңірдегі түрлі ауруханаға жеткізілген.

Жол-көлік оқиғасына қатысты прокуратураның үйлестіруімен тергеу басталды.

Апат салдарын жою жұмыстарына медицина және құтқару қызметтері, жандармерия бөлімшелері мен Түркияның төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы (AFAD) қатысты.

Бұған дейін Түркияда жолдағы жанжалға байланысты көліктен шығуға заң жүзінде тыйым салынғаны хабарланған еді. Жол қозғалысының жаңа ережелеріне сәйкес, жол үстіндегі жанжал үшін жүргізушілердің көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Антальядағы қонақүйлердің бірінде аниматор болып жұмыс істеген қазақстандық қыз 2026 жылғы 15 маусым күні жол апаты салдарынан қайтыс болғанын хабарлағанбыз.