Болгариядағы сайлауда экс-президент Румен Радевтің партиясы жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияда өткен кезектен тыс парламенттік сайлауда бұрынғы президент Румен Радев жетекшілік ететін оппозициялық «Прогрессивті Болгария» партиясы жеңіске жетті, деп хабарлайды «Анадолу» агенттігі.
Бейресми деректерге сәйкес, партия шамамен 45,12% дауыс жинап, парламенттегі 240 орынның 135-іне ие болған.
Ал еуропашыл бағыттағы «ГЕРБ – Демократиялық күштер одағы» партиясы, бұрынғы премьер-министр Бойко Борисов басқаратын саяси күш шамамен 12% дауыс жинады.
Сайлау жексенбі күні өтті. Бұл – елдегі саяси тұрақсыздықпен байланысты соңғы бес жылда сегізінші рет өтіп отырған парламенттік сайлау.
Елде шамамен 6,5 млн сайлаушы тіркелген. Дауыс беруге 14 саяси партия мен 10 коалиция қатысты.
Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталып, 20:00-де аяқталды. Егер учаскелерде кезек күтіп тұрған сайлаушылар болса, дауыс беру уақыты 21:00-ге дейін ұзартылуы мүмкін.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ел ішінде шамамен 12 мың сайлау учаскесі ашылған, ал шетелде 55 елде 493 учаске жұмыс істеген.
Еске сала кетсек, бұған дейін Болгарияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтетінін жаздық.