Боливияда ақша тасымалдаған ұшақ апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Боливияның Әуе күштеріне тиесілі ұшақ Ла-Пасқа жақын орналасқан Эль-Альто әуежайына қону кезінде апатқа ұшырады. Бұл туралы BBC жазды.

Боливияда ақша тасымалдаған ұшақ апатқа ұшырап, 15 адам қаза тапты
Фото: @warsurv / X

Жергілікті авиация басқармасының мәліметінше, ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып, тасжолдың жиегіне шығып кеткен, артынша өртке оранған. Апат кезінде жолда келе жатқан көліктердің де зақымданғаны хабарланды. Құтқарушылардың мәліметінше, апаттан кемінде 15 адам қаза тапқан, оның ішінде ұшақтың экипаж мүшелері мен көліктерде болған адамдар да бар.

Жергілікті Unitel телеарнасының хабарлауынша, ұшақ Боливияның орталық банкіне тапсырыс бойынша жаңа банкноттарды Ла-Пасқа жеткізген. Ұшақ апатқа ұшырағаннан кейін ақшалар айналаға шашылып қалған. Оқиға орнында көпшілік жиналып, банкноттарды жинауға тырысқан, полиция халықты тарату үшін көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болған.

Кейінірек Боливияның орталық банкінің басшысы Давид Эспиноса бұл ұшақпен тасымалданған банкноттардың жарамсыз екенін және олар төлем ретінде қабылданбайтынын мәлімдеді.

Өткен жылдың соңында АҚШ-тың Флорида штатында Ямайкаға арналған гуманитарлық көмек тасымалдаған ұшақ тұрғын үйдің артқы ауласына құлап кеткен болатын.

Жақында Иранда әскери тікұшақ апатынан төрт адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар
Референдум