Боливияда нөсер жауын салдарынан кемінде 20 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Боливияның Санта-Крус департаментіндегі елді мекендерге нөсер жаңбыр жауып, өзендер арнасынан тасуы салдарынан кемінде 20 адам қаза тауып, тағы 20-дан астамы хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы дүйсенбі күні ел үкіметі хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Боливияның азаматтық қорғаныс вице-министрі Альфредо Троче 14 желтоқсандағы жағдай бойынша жеті адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Қалған марқұмдардың мәйіттері құтқару жұмыстары кеңейтіліп, су деңгейі төмендегеннен кейін табылған.
— Өкінішке қарай, қазіргі уақытта 20 адамның қаза тапқаны расталды, тағы жиырма шақты адам хабар-ошарсыз жоғалғандар қатарында, — деді Альфредо Троче.
Сондай-ақ ол Санта-Крус департаментінің төтенше жағдай аймағы деп жарияланғанын айтты.
12 желтоқсан кешінен бастап жауған нөсер жаңбыр Пирай өзені мен оның тармақтарының арнасынан асып, кемінде 22 елді мекенді су басты. Соның ішінде ең қатты зардап шеккен аудандардың бірі — Эль-Торно қаласы болды.
Бұдан бұрын осы жылдың наурызында Боливия су тасқыны мен көшкінге байланысты төтенше жағдай жариялаған еді.