Бөліп төлеу арқылы сатылатын тауардың бағасын бөлек көрсету талабы электронды коммерцияға қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қалалық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Ілиясов 11 қазаннан бастап күшіне енген Ішкі сауда қағидаларының жаңар ережесі туралы түсініктеме берді.
Аталған ереже бойынша баға жапсырмаларында бір тауарға бір ғана баға көрсетілу керек. Ал тауар бөліп төлеу арқылы сатылса, қолма-қол және бөліп төлеу бағалары бөлек-бөлек жазылуға тиіс.
- Бұл өзгерістер тауарды бөліп төлеу арқылы сатып алған жағдайда тұтынушы тауарға қаншалықты артық ақы төлейтінін анық түсінуге мүмкіндік береді. Ішкі сауда субъектісі тауарды өз қаражаты есебінен бөліп төлеу арқылы өткізу және бір жолғы төлеммен өткізу кезінде бағаны бөлек-бөлек көрсетеді. Бұл норма электрондық коммерцияларға да қатысты, - деді Ғалымжан Ілиясов.
Бұған дейін сауда және интеграция министрлігі бөліп төлеу арқылы тауар сатып алудың құқықтық қалтарыстарын түсіндірген болатын.