Бөліп төлеу ме әлде несие ме: қайсысы тиімді
АСТАНА. KAZINFORM — Тұрмыстық техника, жиһаз және басқа да қымбат тауарларды сатып алғанда қазақстандықтар бөліп төлеу мен несиенің бірін таңдайды. Екеуі де төлемді бірнеше айға бөлуге мүмкіндік береді. Бірақ талаптары мен артық төлем мөлшері әртүрлі.
Қайсысы тиімді? Шарт жасасқанда нені ескеру керек? Артық шығыннан қалай сақтануға болады? Осы сұрақтарға банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев жауап берді.
Сарапшының айтуынша, тұтынушылық несие бөліп төлеуге қарағанда қымбатқа түседі. Себебі несиеге пайыз қосылады.
— Тұтынушылық несие қымбат. Өйткені оның пайыздық мөлшерлемесі бар. Несие мерзімі бөліп төлеуге қарағанда ұзақ болуы мүмкін. Ал бөліп төлеу көбіне бір жылға рәсімделеді. Әрине, бөліп төлеу кезінде тауардың бағасына белгілі бір үстеме қосылуы мүмкін. Өйткені мұндай қызметті ешкім тегін ұсынбайды. Дегенмен тұтынушылық несие бәрібір қымбатқа түседі. Бұл ақшалай кепілсіз несиеге де, кепілмен берілетін несиеге де, тауарлық несиеге де қатысты. Номиналды мөлшерлеме 25–30 пайызға жетеді. Кей жағдайда 40 пайызға дейін барады. Сондықтан тұтынушылық несие қымбат қаржы құралы саналады, — деді Нұржан Биякаев.
Несие құны ең алдымен сыйақы мөлшерлемесіне байланысты. Мөлшерлеме жоғарылаған сайын артық төлем де көбейеді.
Несие рәсімдегенде нені ескеру керек?
Нұржан Биякаев үш көрсеткішке назар аударуға кеңес береді. Олар — жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ), ай сайынғы төлем және жалпы артық төлем.
— Ең алдымен, ЖТСМ-ге назар аудару керек. Бұл көрсеткіш несиенің нақты құнын көрсетеді. Ай сайынғы төлемнің қалтаңызға салмақ түсірмейтініне көз жеткізіңіз. Жалпы қанша артық төлейтініңізді де есептеңіз. Банк менеджері алдын ала төлем кестесін ұсынғаннан кейін осы көрсеткіштерді салыстырып, несие шарттарының өзіңізге қолайлы екенін бағалай аласыз, — деді сарапшы.
Артық төлемді қалай есептеуге болады?
Тауардың бағасынан бөлек қанша ақша төлейтініңізді алдын ала есептеген жөн. Ол үшін банктен төлем кестесін сұратуға немесе сайттағы несие калькуляторын пайдалануға болады.
— Аннуитеттік төлемді формуламен өз бетіңізше есептеу қиын. Әдетте банк менеджері алдын ала төлем кестесін ұсынады. Сондай-ақ банктің сайтына кіріп, калькуляторға қажетті мәліметтерді енгізуге болады. Ол ай сайынғы төлемді, ЖТСМ-ді және жалпы артық төлемді көрсетеді, — деді Нұржан Биякаев.
Бөліп төлеу мен несиені салыстырғанда тауарға төленетін жалпы соманы ескеру қажет.
Сарапшының пікірінше, 0 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылатын бөліп төлеу тұтынушылық несиеге қарағанда тиімді.
— Тауар сатып алғанда қолма-қол ақша түрінде несие алғаннан гөрі бөліп төлеуді таңдаған дұрыс. Әйтпесе, несие алып, сол ақшаға тауар сатып аласыз. Кейін қарызды пайызымен бірге өтейсіз, — деді сарапшы.
Несиені мерзімінен бұрын өтеген тиімді ме?
Сарапшының айтуынша, тұтынушылық несиені мерзімінен бұрын өтеу артық шығынды азайтады. Сондықтан мүмкіндік болса, қосымша қаражатты негізгі қарызды өтеуге жұмсаған жөн.
— Мерзімінен бұрын өтеу үшін кемінде екі айлық төлемге тең соманы аудару керек. Ол үшін банкке өтініш жазып, ақшаны негізгі қарызды өтеуге бағыттауды сұрау қажет. Содан кейін банк төлем кестесін қайта есептейді. Несиенің мөлшерлемесі мен мерзімі өзгермейді. Бірақ ай сайынғы төлем азаяды, — деп түсіндірді ол.
Тұрмыстық техника мен басқа да тұтыну тауарларын сатып алғанда сарапшы бөліп төлеуді таңдауға кеңес береді. Алайда шешім қабылдамас бұрын екі нұсқаның шарттарын салыстырып, жалпы төлем сомасын есептеген дұрыс.
Айта кетейік, жақында несие алуға «Стоп-кредит» қойғандар қандай қарыздарды рәсімдей алатының жазған едік.