Болжам көңіл көншітерлік – су ресурстары жөніндегі сарапшы Солтүстік Аралдың оралуы жайында
АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Арал теңіз сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңін әзірлеп жатыр. Дүниежүзілік банктің су ресурстарын басқару жөніндегі маманы Бақыт Арыстанов Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзив сұхбатында жобаның бірінші кезеңінің нәтижесі туралы айтып, екінші кезең жоспарымен бөлісті.

- Жобаның бірінші кезеңінде нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілді және екінші кезеңде қандай іс-қимыл қамтылмақ? Жобаны жүзеге асыруға қандай ұйымдар немесе мамандар жұмылдырылады?
- Дүниежүзілік банк Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізі бойынша жобаның жаңа кезеңін дайындап жатыр. Бірінші кезең сәтті өтті және жаһандық резонанс тудырды. Бірінші жобаның нәтижелері мынадай: бірқатар гидротехникалық құрылыстарды салу есебінен Сырдария өзенінің өткізу қабілеті жақсарды. Тосқауыл салу арқылы Солтүстік Арал теңізінің деңгейі тұрақтандырылды. Қазір теңіз деңгейі 42 метрлік жобалық белгіде тұр. Техникалық тілмен айтқанда, «су айнасы», яғни су беті екі есеге жуық ұлғайды. Судың тұздылығы бірнеше рет төмендеді және қазір шамамен 10 пайыз. Судың тұздану деңгейі жоғары болған қиын-қыстау жылдары Арал теңізінде өмір сүре алатын балықтың негізгі түрі камбала еді. Қазір онда 20-дан астам балық түрі тіршілік етеді. Олардың көпшілігі кәсіпшілікке жарамды. Соған орай, бұл аймақтағы балық өндірісінің дамуына немесе қайтадан қанат жаюына серпін берді. Сондай-ақ, жоба халықтың көші-қонына да үлкен әсер етті. Егер бұған дейін көшіп кетушілердің легі қалың болса, жоба аяқталғаннан кейін адамдар аймаққа оралып, өздерінің дәстүрлі кәсібімен қайта айналыса бастады. Денсаулық сақтау министрлігінде нақтылау қажет шығар, дегенмен халықтың денсаулығы да жақсарды деген статистика бар. Әсіресе респираторлық аурулар төмендеді.
Екінші жоба біріншісінде қол жеткізілген жетістіктерді бекіте түсуге бағытталған. Бұған қоса, жобаның екінші кезеңі анағұрлым жан-жақты. Жоба инфрақұрылымы бар су нысандарын салу мен қайта жаңғыртуды ғана емес, сонымен қатар экономиканың әртүрлі секторларымен байланысты іс-шараларды қаржыландыруға бағытталған компонентті де қаржыландырады. Бұл туризм, рекреациялық қызмет, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және орманды қалпына келтіру салаларындағы катализатор іс-шаралар болмақ. Арал теңізінің құрғап қалған табанына сексеуіл отырғызу жоспарланған. Екінші жоба осы бағыттардағы әртүрлі бастамалар мен ілкі жобаларды қаржыландыруға тырысады.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк инфрақұрылымды салуға инвестиция сала отырып, оларды ұзақмерзімді күтіп ұстау, пайдалану және басқару мәселесін міндетті түрде ескереді. Сондықтан жобада осы аспектілерге бағытталған үшінші компонент бар. Осылайша салынатын инфрақұрылым көптеген жылдар бойы қызмет етеді. Үшінші компонентте ақпараттық деректер базасын құру, су ресурстарын басқарудың автоматтандырылған әдістері, сондай-ақ бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар көзделген.
- Дүниежүзілік банктің қаржыландыру сомасы қандай? Бұл қаражат қандай пайызбен және қанша уақытқа беріледі? Бөлінген бюджеттің игерілуін кім бақылайды?
- Қаржыландыру сомасы әлі де нақтылану үстінде. Өйткені техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік құрылыс сараптамасынан өтіп жатыр. Бекітілгеннен кейін жобаның құны, әсіресе инфрақұрылымдық компонент бөлігінде белгілі болады. Жобалардың құнын есептеудің барлық әдістемесі қазақстандық стандарт бойынша жүзеге асырылады.
Ал қаржыландыру үлесіне келетін болсақ, Дүниежүзілік банк жоба құнының 85, ал Қазақстан 15 пайызын қаржыландырады деп алдын ала талқыланған болатын. Бірақ бұл мәселеге жобалық техникалық-экономикалық негіздеме бекітіліп, банктің сараптамасына ұсынылғаннан кейінгі жобаға қатысты келіссөздер сатысында қайта ораламыз.
Техникалық қадағалауға келетін болсақ, жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырған кезде, оның қаржылық басқару, сатып алу және банктің басқа да қауіпсіздік саясаты бойынша ережелері қандай пропорцияда болса да қолданылады. Сондықтан техникалық қадағалауды конкурстық негізде таңдалған компания жүзеге асырады.
- Интернетте өзін климаттың өзгеруі саласындағы сарапшы деп атайтын және Арал теңізін қалпына келтіру үшін жұмыс істейтін Алтай Айнабектің бейнероликтері танымал болып келеді. Ол белгілі бір жерде жауын-шашынның мол түсуіне мүмкіндік беретін технологияны қолданады. Сіздің ойыңызша, Аралдың қайта оралуына мұндай әдіс қолайлы ма? Мұндай жасанды араласу салдарынан болашақта қандай ықтимал қауіп туындауы мүмкін?
- Әлемде әртүрлі технология өте көп. Бұл технологияға егжей-тегжейлі түсініктеме беруге дайын емеспін. Бірақ менің білуімше, бұл жаңа технология емес, Араб Әмірліктері оны соңғы уақытта қолданып келеді. Сондай-ақ, менің білуімше, бұл технология ұзақ мерзімді талдау мен сараптамадан өткен жоқ. Егер адам ағзасымен ұқсастықта қарастыратын болсақ, онда белгілі бір ауру тым өршіп кетсе, онда дәрі-дәрмектің көмегінсіз сауыға алмайсыз. Бұл технология жанама әсерлері болуы мүмкін осындай дәрілік араласуға ұқсайды. Бұл технологияны қолдану терең талдауға, оның салдарын, жанама әсерлерін және тағы басқаларын зерттеуге негізделуі керек.
Бұл жанама әсерлердің технологияны қолданудың негізгі артықшылықтарын қаншалықты тоқтата алатындығын бағалау қажет. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындап жатқан Арал теңізі жобасында техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға және экологиялық әрі әлеуметтік бағалауды әзірлеуге 1,5 млн доллар грант бөлдік. Тәсіл кәсіби. Бұл сіз айтқан технологияға да қатысты. Оны қолданылатын аумаққа байланыстыра отырып зерттеу керек.
- Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, барлық қабылданған іс-шараны ескере отырып, Арал теңізінің жағдайын жақсарту бойынша қандай болжам жасай аласыз?
- Болжам көңіл көншітерлік. Өйткені бізде сәтті болған бірінші жобаның тәжірибесі бар. Біз осы жетістікке сүйене отырып, оны дамытуға тырысамыз. Дүниежүзілік банк әдетте техникалық шешімді ұсынбайды, ол білім, тәжірибе және сараптама ұсынады. Ол 80 жыл бұрын құрылған және әлемнің 189-ға жуық елі банктің мүшесі саналады. Дүниежүзілік банк әлемнің әр түкпіріндегі жобаларды қаржыландырады. Әрине, Арал теңізінің тәжірибесі айрықша.
Мұндай көлемдегі теңіз іс жүзінде кеуіп қалды. Дегенмен, белгілі бір технологиялар қолданылғанымен болған қайғылы оқиғалар мен кішігірім мысалдар бар. Сондықтан да Арал теңізінің Қазақстандағы солтүстік бөлігі үшін шешім табуға болады және жасалып та жатыр. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме дайын. Шешімнің төрт түрлі нұсқасы қарастырылды және ең оңтайлы нұсқаға тоқталдық. Ол негізінен осы шешімді сәтті жүзеге асыру үшін су ресурстарының қаншалықты жеткілікті екенін ескереді.