Бомбаға байланысты Лувр мен Версальдағы адамдар дереу эвакуацияланды

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Еуропада қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық артып келеді. Сенбі күні қауіп-қатерге байланысты Лувр мен Версаль сарайы эвакуацияланды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Еuronews-ке сілтеме жасап. 

париж
Фото: Pixabay

Францияда жарылыс қаупі туралы ескертуден кейін Лувр мен Версаль сарайындағы келушілер дереу эвакуацияланды.

Париждің орталығында орналасқан Луврға келушілер мен қызметкерлер дабыл қағылысымен мұражай ғимаратынан асығыс шығып кетті.

Кейін Париждегі Лион вокзалының эвакуацияланғаны туралы ақпарат тарады. Ол жерден күдікті пакет табылған.

Жұма күні Францияда «терроризмге қарсы төтенше ескерту» режимі енгізілді.

13 қазан күні билік қауіп деңгейін арттыру жөнінде шешім қабылдады.

Бұл күні Аррас қаласындағы Гамбетта колледжіне жасалған шабуылдан бір мұғалім қаза тауып, бірнеше адам жараланды.

Тергеу аясында полицейлер 11 адамды ұстады.

Францияның ішкі істер министрі Жеральд Дарманен Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар мен Аррастағы шабуыл арасында байланыс болуы мүмкін екенін айтты.

Дарманен елдің қауіпсіздік қызметі қауіпті деп санайтын кез келген шетелдікті елден шығаруға шақырды.

ІІМ мәліметінше, Францияда бір апта ішінде антисемитизмнің 189 әрекеті анықталған.

Сонымен қатар, Кипр қауіпсіздік шараларын күшейтті.

Арал Израильден теңіз және әскери ұшақпен кетіп жатқан жүздеген адамды қабылдауды жалғастырып жатыр.

Осы жексенбіде Кипрге екі мыңнан астам адам келеді деп хабарланды.