15:15, 07 Ақпан 2024 | GMT +5
Боран, бұрқасын, көктайғақ: Қызылорда облысында көлік қозғалысы шектелді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Ауа райының нашарлауына байланысты «Самара-Шымкент» автомобиль жолының Қызылорда облысындағы бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды.

7 ақпанда елорда уақытымен сағат 12:30-ден бастап Ақтөбе облысында ауа-райы күрт нашарлаған. Боран, бұрқасын, көктайғақ болып тұр.
«Осыған байланысты республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 1 240-1 360 шақырым аралығында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылды. Ол Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі аралықты қамтиды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, Қызылорда облысының аталған аумағында 4 ақпанда көлік қозғалысы шектелді.