Боран, көктайғақ: Шығыс Қазақстандағы жолдардың бірі жабылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысындағы жолдардың бірінде көлік қозғалысына тыйым салынады.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін сағат 18.00-ден бастап ауа райы қолайсыздығына, нақты айтқанда боран, көктайғақ пен жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты жолдардың бірі жабылады.
— Облыстық маңызы бар Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік тасжолының 45-60 шақырымында (Феклистовка ауылы мен Северное ауылына бұрылыс жолдың арасы) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылады. Сондықтан жүргізушілерді бағыттарын алдын ала жоспарлап алуды сұраймыз, — делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға шақырды.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да желтоқсанда аяз түсіп, қалың қар жауатындығы хабарланған.