Боран ұйытқып тұр: Төтенше жағдай қызметі елордалықтарға ескерту жариялады
Астанада ауа райының күрт бұзылды. Атап айтқанда, бұрқасын көтеріліп, қар жауып тұр, желдің жылдамдығы 28 м/с жетті. Осыған байланысты Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шықпауын және абай болу керектігін еске салды. Ауа райының өзгеруі және енгізілген шектеулер туралы бүкіл ақпаратты бақылауда ұстау керек, деп хабарлайды Kazinform.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада қалың қар жауып, жел күшейеді, боран соғады.
«Дауылды жел кезінде бірінші кезекте электр желілері мен жабдықтарының, тұрғын үйдегі жылыту пешінің жай-күйін тексеру, ішкі және сыртқы өртке қарсы су құбырының, телефон байланысының жарамдылығын қамтамасыз ету, өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу қажет. Пәтерде сіз жоқта кенеттен электр тогы қосылған кезде өрт болмас үшін бүкіл электр құрылғыларының қуатын өшіріп, барлық ток көздерін ажаратып кетіңіз. Сондай-ақ көлікті ағаштар мен тозығы жеткен ғимараттардан алыс жерге қойыңыз. Пәтердегі барлық терезелерді мықтап жапқан жөн. Сыртта қатты желде қалып қалсаңыз, құтқарушылар қауіпсіз жерді паналауға кеңес береді. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан дауылды ескерту кезінде жолда сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, ұзақ сапарға шықпауды сұраймыз» деп кеңес берді ТЖД мамандары.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертеңнен бері елордада қар тазалау жұмыстарына 2344 жол жұмысшысы мен 1200-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
Желтоқсанның 28-нен 29-ына қараған түні Астанадан 17 мың текше метрге жуық қар шығарылды, бұл — 1478 ауыр жүк көлігінің көлеміне тең.