Босанғаннан кейінгі тексеру неге маңызды – дәрігер кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM – Босану – әйел ағзасы үшін үлкен сынақ. Сәби аман-есен дүниеге келсе де, анаға міндетті түрде дәрігерлік тексеруден өту керек. Бұл туралы Алматы қалалық №4 перзентхана директорының орынбасары, акушер-гинеколог Екатерина Самарцева айтып берді.

Это должна сделать каждая женщина после родов — советы врача из Алматы
Фото: Альберт Ахметов/Kazinform

Оның сөзінше, әйел баланы тоғыз ай көтеріп, босану кезінде көп күш жұмсайды. Сондықтан ағзаға қайта қалпына келу қажет.

– Көптеген әйелдер «аман-есен босандым, енді бәрі артта қалды» деп ойлайды. Бірақ ағзадағы кейбір өзгерістер байқалмай, жасырын жүруі мүмкін. Сол себепті уақтылы жасалған толық тексеру асқынудың алдын алуға көмектеседі, – дейді жоғары санатты акушер-гинеколог Екатерина Самарцева.

Сол себепті босанғаннан кейін әйелге міндетті түрде толық тексеруден өту қажет. Мамандар босанғаннан кейінгі тексерісті перзентхананың өзінде жасаған дұрыс деп есептейді. Себебі ол жерде әйелдің жағдайын білетін дәрігерлер бар, әрі ана таныс ортада өзін жайлы сезінеді.

– Біз тек талдау жасап қана қоймай, әйелдің толық қалпына келу процесін де бақылап отырамыз. Тексеріс барысында қан айналымы мен қан түзу жүйесі, бауыр мен бүйрек жұмысы, гормондар, зат алмасу және кіші жамбас ағзалары тексеріледі. Гемоглобин деңгейіне, қабынуларға қараймыз, бауыр-бүйректің жағдайын анықтаймыз, қажет болса УДЗ жасаймыз. Бұл тек жалпы денсаулық үшін емес, әйелдің болашақтағы бала көтеру қабілетіне де маңызды. Босанғаннан кейінгі тексеру – келесі жүктілікке дайындықтың алғашқы қадамы. Егер әйел тағы сәби жоспарласа, ағзасының толық қалпына келгеніне көз жеткізуі керек. Бұл асқынулардан сақтап, жүктіліктің сәтті өтуіне көмектеседі, – деп түсіндірді Екатерина Самарцева.

Это должна сделать каждая женщина после родов — советы врача из Алматы
Фото: Альберт Ахметов/Kazinform

Қалалық №4 перзентханада жаңа босанған аналарға жасалатын кешенді тексеруге: жалпы қан талдауы (гемоглобин, эритроциттер, лейкоциттер формуласы, тромбоциттер, СОЭ, гематокрит), жалпы зәр талдауы, биохимиялық зерттеулер (АЛТ, АСТ, креатинин, глюкоза, жалпы белок, жалпы билирубин, мочевина), бактериоскопиялық жағынды, тамырдан қан алу, кіші жамбас ағзаларының УДЗ, гинеколог кеңесі кіреді. Бұл тексерулер әйелдің жалпы денсаулығына ғана емес, болашақта қайта жүкті болуына да әсер етеді.

Дәрігердің босанғаннан кейінгі тексеруден өтудің ең қолайлы уақыты – алғашқы 6–8 апта екенін айтты. Бұл ағза белсенді түрде қайта қалпына келетін кезең, оны «алтын уақыт» деп те атайды.

–Егер шағымдар болса, етеккір бұзылса, ауырсынулар немесе басқа да өзгерістер байқалса, кез келген уақытта тексерілген дұрыс. Ең бастысы – кейінге қалдырмау керек, себебі «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу» жеңіл. Босану – тек бастамасы ғана. Репродуктивті денсаулық сәби дүниеге келген сәтпен шектелмейді. Әйелдің репродуктивті денсаулығы әрдайым күтімді қажет етеді. Денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз, ол сәбидің денсаулығымен бірдей маңызды, – деп қорытындылады Самарцева.

Это должна сделать каждая женщина после родов — советы врача из Алматы
Фото: Альберт Ахметов/Kazinform

Еске салайық, бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың басынан бастап елімізде 117 мың адам алды.

Соңғы жаңалықтар