Босния мен Герцеговинада қарттар үйі өртеніп, 11 адам қаза болды

АСТАНА. KAZINFORM – Босния мен Герцеговинаның Тузла қаласында қарттар үйінен өрт шығып, 11 адам қаза болды, 38 адам жарақат алды, деп хабарлайды Анадолы.

Босния мен Герцеговинада қарттар үйі өртеніп, 11 адам қаза болды
Фото: Анадолы

БАҚ-тың хабарлауынша, өрт Тузла қаласындағы қарттар үйінің бірінде кешке болған.

Өртті сөндіруге өрт сөндірушілерден бөлек Сребреник, Живинице, Лукавац пен Калесия қалаларынан бригадалар тартылды.

Тузла кантонасының бас прокуроры Ведран Алиджанович журналистерге өрт салдарынан 11 адам қаза болып, жарақат алған 38 адамның ауруханаға жеткізілгенін айтты.

Оның сөзінше, зардап шеккен 4 адамның жағдайы ауыр.

- Өрт туралы алғашқы хабар кешкісін сағат 20:45-ті түсті. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, полиция мен жедел жәрдем бригадасы жіберілді,- деді Алиджанович.

Сондай-ақ ол өрттің өздігінен тұра алмайтын адамдар жатқан қабаттан шыққанын, өз кезегінде бұл жағдай адамдарды эвакуациялауды қиындатқанын жеткізді.

- Куәгерлер қою түтіннің тез тарап кеткенін және жарылыстардың дыбысы шыққанын, ал адамдар дүрліккенін айтты. Өрттің нақты неден шыққаны әзірге белгісіз. Қазір оны сарапшылар нақтылап жатыр. Тергеу барысында бәрі анықталады,-деді прокурор.

Ал қарттар үйінің директоры Мирсад Бакалович өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді.

Осыған дейін Мексикада дүкенде болған өрттен 22 адам көз жұмғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар