Бостандық құны: Кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке қандай активтерін қайтарып берді

Бостандық құны: Кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке қандай активтерін қайтарып берді
Фото: Александр Павский/Kazinform

Осы аптаның ішінде БАҚ беттерінде 6 жылға сотталған кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне қайтарған активтері жайлы жаңалықтар жиі жарияланып жатты. Ал күні кеше сот оның жазасын жеңілдетті. Осы орайда Kazinform агенттігі кәсіпкердің қандай материалдық залалды өтегенін және қанша миллиардтты мемлекетке қайтарғанын анықтап көрді. 

Әуелі Қайрат Боранбаевтың ұсталуынан бастасақ, оны былтыр наурызда Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Алматыда құрықтады. Тағылған айып – квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру. Тисінше, Қайрат Боранбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ұсталғаннан бір ай өткен соң Қайрат Боранбаевтың иелігінде болған ақылы автотұрақтар Алматы әкімдігіне қайтарылды, яғни «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС-нің 70% және «Alan Parking» ЖШС-нің 100% үлесі жергілікті мемлекеттік органға өтті. 25 сәуірден бастап автотұрақтардан түскен барлық табыс қала бюджетіне түсіп жатыр.

Араға тағы бірнеше ай салып, Қаржылық мониторинг агенттігі 14,5 млрд теңге жымқырған Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу аяқталғанын мәлім етті. Атап айтқанда, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды және ақшаны жылыстатты деген күдікке ілінген Қайрат Боранбаев пен оның сенімді адамы Роман Нахановқа, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарушы директоры Ибулла Серді және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Тайырға қатысты істің тергеуін аяқтап, сотқа жолдады. Олар 2019 жылы бақылаудағы «Азиягаз Чунджа» ЖШС арқылы газды жеткізу кезінде Qazaq Gaz ҰК қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жүзеге асырған. Агенттіктің сол кездегі дерегінше, ұрланған 14,5 млрд теңге көлеміндегі қаражат кейіннен заңды кәсіпкерлік қызметтен дивиденд ретінде бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған. Осылайша, күдіктілер жасалған заңсыз операциялардың шын мәнін жасырған. Тергеу барысында келтірілген шығын толық көлемде өтелді. Сонымен қатар, 38 млрд теңге қолма-қол ақша мен 4,2 млрд теңгенің жылжымайтын мүліктері тәркіленді.

Бостандық құны: Кәсіпкер Қайрат Боранбаев мемлекетке қандай активтерін қайтарып берді
Фото: коллаж Kazinform

Бұдан бөлек, Қайрат Боранбаевтың Австрия, Латвия, Люксембург, Молдова, Тәжікстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Эстонияға шығарылған активтері бойынша тергеу жүрді. Сондай-ақ, оның заңсыз кірістерге сатып алынған шетелдік активтерді анықталып, олар бұғатталды.

Ұсталған уақытынан 4 ай өткен соң кәсіпкер сыртқа заңсыз шығарылған активтерін қайтара бастады. Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиядан мәлімдегендей, Қ. Сатыбалдыұлына, Г. Сатыбалдыға, Қ. Боранбаевқа, «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қатысты істер бойынша тергеп-тексеру органдары қабылдаған шаралармен шамамен 230 млрд теңге, оның ішінде оларды шетелдік юрисдикциялардан қайтару жолымен өтелді. Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеген іс негізінде аталған азаматтар Лихтенштейннен 170 млн долларды өз еркімен қайтарған.

Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевқа қатысты істі тергеу барысында «Қазмұнайгаз» АҚ-ға келтірілген 11,3 млрд теңге шығынды өтеген.

Осылайша, кәсіпкер тергеу амалдары барысында шығындарды өтеп, активтерін қайтарып бастаған еді. Кейін, яғни былтыр 30 желтоқсанда Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысы басталды. Оған «АзияГазЧунджа» ЖШС құрылтайшысы ретінде сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге ұрлау және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша айып тағылды.

Сот процесі үш айдан аса уақыт жүрді. Соңында судья былай үкім шығарды: «ҚР Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес Қ. Боранбаев, Нахановтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқару құқығынан айрылсын. Сонымен қатар қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынады».

Артынша Қ.Боранбаевтың мемлекеттік наградалары да қайтарылатын болды. Ол «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінен айырылды. Сондай-ақ, мемлекет мүддесіне оның әл-Фараби көшесіндегі (Алматы қаласы) үй-жай мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасындағы қаражат тәркіленді. Оған қоса, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы екі шотқа бөлініп салынған 2 млрд 847 млн 877 мың 603 теңгесі де алынды.

Ал биыл тамызда Қайрат Боранбаевтың тергеу органдарымен мәмілеге келмек болды. Оның ұсынысын сот қанағаттандырды.

Сәйкесінше, Астана қаласының прокуратурасы Қ. Боранбаевпен және басқа сотталушылармен «ҚазТрансГаз» АҚ-ның қаражатын иемденуге қатысты кінәні мойындау туралы процестік келісім жасады. Осыдан кейін сот Қайрат Боранбаевтың жазасын екі жылға қысқартты.

Артынша ол ірі бизнестерін мемлекет меншігіне өткізді. Өткен айдан бастап ол қайтарған мүліктер туралы ақпараттар жиі жарияланды. Нақты тоқталсақ, 14 қыркүйекте Қайрат Боранбаев құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді мемлекетке қайтарды. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сай, кәсіпкер мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде өткізген. Сондай-ақ Қ.Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат түрінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Ал 16 қазанда Қ.Боранбаев құны 1,4 млрд теңге болатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекетке қайтарды.

 

Араға бірнеше күн салып, ол Алматыдағы ірі сауда орталығы мен бірқатар нысанды мемлекетке берді. Осылайша мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті.

Атап айтқанда, оңтүстік мегаполистің орталығында орналасқан «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, сондай-ақ жалға беру және мүлікті басқарумен айналысатын «Unity Hall» ЖШС. «Алматы Тауэрс» бизнес орталығында орналасқан нысанның ауданы 11 мың шаршы метрден асады. Сондай-ақ, «Fitnation» фитнес клубтар желісі мемлекет меншігіне өтті. Аталған нысандар Астана, Алматы және Қостанай қалаларында орналасқан. Енді ол нысандар қолданыстағы заңнамаға сәйкес демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыра отырып, әлеуметтік мақсаттарға пайдаланылады.

Мұнымен қатар Қайрат Боранбаев «Қаражанбас Северный» кен орнын мемлекетке қайтарды. Оның өндірістік қуаты - құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев, сондай-ақ, тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық.

Сонымен қатар, құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтеді. Кәсіпорында 740 қызметкер жұмыс істейді.

Осылайша, Қайрат Боранбаевтың жазасы жеңілдетілді. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, оның жазасы бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырылды.

Мәлім болғандай, сот мыналарды ескерген:

- сотталған адам заңда белгіленген жаза мерзімінің 1\3 бөлігін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтеген;

- кінәлі мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтеді, тергеумен белсенді жұмыс істеді және жасаған ісіне өкінеді;

- қамауда болған кезеңде оң сипатталды. Мекеме әкімшілігі тиісті құжаттарды ұсынды және өтінішті қолдады.

Сотының шешіміне сәйкес, Қайрат Боранбаев пробациялық бақылауда болады. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар