05:54, 29 Тамыз 2014 | GMT +5
Бостандыққа ұшып шыққан жаралы жыртқыш құсты өскемендік құтқарушылар құтқарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары Өскемен қаласының орталығында лашын құсын босатты.

Аяғы жараланған жыртқыш құс өздігінен ағаштан түсе алмай қалған. Құсты жергілікті тұрғындар байқап қалып, құтқарушыларды шақырған.
«Лашын үй жағдайында өмір сүрген тәрізді. Аяқтарына байланған бауы бар. Бостандыққа ұшып шықпақ болғанда аяқтарын жаралап алған. Оны жерге түсірген кезде, сол маңдағы адамдардың ешқайсысы оны танымады, иесі де сол күйі көрінген жоқ. Сол себепті жедел кезекшілер жыртқыш құсты тапсыру үшін зообақпен хабарласты», - деп түсіндірді МӨСБ-1 аға құтқарушысы Дарын Ысқақов.
Қазіргі кезде лашын қалалық зообаққа орналастырылып, жеке торға қамалды, деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен.