Ботай қонысында «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафоны басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Бүгін V дүниежүзілік көшпенділер ойынының аясында өткізілетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі Лобанова ауылынан бастау алды. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігінен хабарланды.

Марафон Солтүстік Қазақстандағы Ботай қонысынан басталып, Астанада аяқталады.

Оған шет мемлекеттерден 10-ға жуық шетелдік команда және 9 отандық команда қатысты. Қатысушылар 500 шақырымды еңсеруі керек.
Аталған іс-шара шетелдік қатысушыларға көшпелі өркениеттің заманауи үлгісін көрсетуге және қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған.

«Ұлы дала жорығы» жобасының негізгі мақсаты — ұмыт бола бастаған жылқы тұқымдарын қайта жаңғырту.

Жарысқа қарашай, кабардин, араб, татар, башқұрт, жаңа қырғыз тұқымдары қатысып жатыр.
«Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесінің аясында ұйымдастырылған маңызды іс-шараның бірі — «Ботай — Ұлы Дала мәдениеті» жылжымалы көрмесі. Марафон қатысушылары, келген қонақтар Ботай мәдениетімен терең танысып, энеолит заманындағы құнды тарихи жәдігерлерді тамашалады.

Аталмыш іс-шараның бағдарламасына Ботай көрмесінің енуі кездейсоқ емес. Осыдан 44 жыл бұрын археолог-ғалымдар сенсациялық жаңалық ашты.
Солтүстік Қазақстан жерінде қамбар ата түлігі ең алғаш қолға үйретілген деген тұжырым жасады.

