Бөтелкелесін бауыздап өлтіріп, он жылға сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Жуырда Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өзінің бөтелкелесін бауыздап өлтірген адамға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлады облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
None
None

Орта жастағы екі таныс біреуінің ауласында отырып арақ ішеді. Екінші бөтелкеден соң олардың арасында жанжал туып, олар бір-біріне жаман сөздер айтып, жаға ұстасып қалады. Ақырында үй иесі бөтелкелесін бауыздап өлтірген.

Одан әрі, өзінің қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында жәбірленушінің өлгеніне толық көзі жеткен соң жәбірленушінің үстіндегі синтетикалық курткасын арқа тұсынан өртеп жібереді. Соның салдарынан жәбірленушінің өлі денесінің арқа тұсын, мойнын, т.б. жерлерін күйік шалған. Әрі қарай сотталушы тағы да арақ ішіп, үйіне кіріп, ұйықтап қалған.

Ағасының үйіне келген қарындасы аулада өліп жатқан адамды көріп үйге кірместен туған-туыстарына жүгіріп барып көргенін айтады. Олар жедел жәрдем шықырып, полицияға хабарлайды. Қылмыскерді ұйқысынан полиция қызметкерлері оятып алады.

Сотта адам өлтіруші айыпты мойындамайды. Ол мас болып ұйықтап қалғанын, ал тұрған кезде қолында пышағы бар бөтелкелесі өліп жатқанын көргенін айтады. Сосын тағы бірдеңе болып қалмасын деп пышақты сындырып лақтырып жібергенін, одан кейін бәле-жәле өзімен кетсін деп өлікті аластағысы келгенде абайсыздан оның курткасына от тиіп кеткенін айтты.

Алайда, сараптамалардың қорытындысы бойынша сотталушының киімінде өлген адамның қан дақтары табылған, пышақта оның саусақтарының іздері қалған, одан басқа сарапшының көрсетуі бойынша жәбірленушінің мойнындағы көлемді кесілген жарақаттар өз-өзіне салуы мүмкін еместігі, басқа адамның қолынан болғанын бекітеді.

Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерді ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабының 1- бөлімімен (адам өлтіру) кінәлі деп тауып 10 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын «қатаң режимдегі түзеу колонияда» өтеуді белгіледі. Одан басқа оны маскүнемдіктен еріксіз емдеуді тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар