Бөтелкелесін жертөледе өртеп жіберген айыпталушы сегіз жылға кесілді - БҚО

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, тұрақты баспанасы жоқ З. өзімен бірге тұратын әйелі және танысы Д-мен бірге қаладағы үйлердің бірінің жертөлесінде ұзақты күн ащы суды сіміріп, сол жерде ұйықтап қалса керек. Ұйқыларынан тек кешқұрым оянған сабаздар қалталарындағы ақшадан қағылғандарын және әйелдің жоқтығын байқаған. Ашуға булыққан З. сол бетте оны іздеуге кетеді. Сол жертөленің келесі бөлігінде шараптатып отырған әйелді тауып алып, ақшаны сол ұрлады деген оймен оған төне кетіп, басынан жұдырықтай бастайды. Әйелдің көмек сұраған жан дауысына жетіп келіп, оны құтқармақшы болған Д-ны қуып жіберіп, жер жастанып жатқан байғұс әйелді одан бетер соққыға алады. Басынан алған қатты жарақаттан миына қан құйылып, әйел сол жерде көз жұмған. Міз бақпай қатып қалған әйелдің өліп қалғанын түсінген ол енді істеген қылмысының ізін жасыру үшін, жерде шашылып жатқан газеттерді жинап алып, әйелді сол жерде өртеп жіберген.
Алқабилердің шешімімен кінәлі деп танылған З-ның іс-әрекетін сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 96-бабының 1-тармағы бойынша «кiсi өлтiру, яғни басқа адамға құқығына қарсы қасақана қаза келтiру» деп дәрежеледі.
Сонымен қатар сот-наркологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес ол созылмалы маскүнемдікке шалдыққан және емделуді қажет етеді.
Алқа билердің қатысуымен сот айтылған жағдайларды ескере отырып, З-ны адам өліміне кінәлі деп танып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын түзету колониясының қатаң режімінде өтеуге үкім етіп, сол орында маскүнемдіктен емделуді тағайындады.