Бөтен адамның картасын пайдаланғандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы 15 шілдеден бастап ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 232-баптың 1-бөлімімен кейбір қылмыстарға қарсы заңнама күшейтілді. Бұл норма банк карталары мен төлем құралдарын заңсыз пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың жолын кесуге бағытталған.

банк картасы, банкомат
Фото: freepik.com

Аталған заң нормасына қатысты түсініктеме берген Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Балтабеков Нұрислам Байкалұлы бұл баптың үш негізгі заңсыз әрекетті қамтитынын атап өтті.

— Яғни бұл — пайдакүнемдік мақсатта өзге тұлғаларға: банктік шотқа, картаға немесе төлем құралдарына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру немесе алу; өзге тұлғаның пайдасына заңсыз төлемдер немесе ақша аударымдарын жасау; заңсыз төлемдер жасау мақсатында басқа адамдардың төлем құралдарына қолжетімділікті иемдену, — деді ол.

Осылайша, жаңа заң бойынша картаны бөтен адамға беру, өзге тұлға үшін аударым жасау, біреудің картасын заңсыз пайдалану барлығы қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл ретте, материалдық шығынның болуы немесе болмауы маңызды емес — құқықбұзушылық фактісінің өзі қылмыстық жазаға негіз болады.

Сонымен қатар ол сөзінде қылмыстық жауаптылық келтірілген залалдың мөлшеріне байланысты ауырлатылуы мүмкін екенін атап өтті. Атап айтқанда 200 АЕК мөлшерінде — елеулі залал, 500 АЕК мөлшерінен жоғары — ірі залал ретінде бағаланады.

— Заңға сәйкес, мұндай қылмыстар үшін 160 АЕК көлемінде айыппұл, түзету жұмыстары немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазалары қолданылады. Ал аса ауыр жағдайларда — 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы көзделген, — деді маман.

Сонымен қатар жаңа нормада қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігі де қарастырылған. Егер адам бұл қылмысты бірінші рет жасап, өз еркімен құқық қорғау органдарына қылмыс жайлы хабарлап, оның ашылуына белсенді ықпал етсе, әрі оның әрекетінде басқа қылмыстық құрам болмаса — қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың басынан бері киберқылмыс бойынша 6 ұйымдасқан қылмыстық топ анықталған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар