Бояудың орнына – мұнай: маңғыстаулық суретшінің өзгеше қолтаңбасы
АСТАНА. KAZINFORM – Ақ парақ – суретшінің қиялына қанат бітіретін шексіз кеңістік. Бірі табиғаттың әсем келбетін қарындашпен кескіндесе, енді бірі түрлі-түсті бояу арқылы бейнелейді. Ал жер қойнауынан өндірілетін қара алтынның өнерге де арқау боларын кім ойлаған? Әдетте өндіріс пен экономиканың басты шикізаты саналатын мұнай бұл жолы мүлде басқа қырынан көрінеді. Суретші Тынышбек Балтабаев қара мұнайды бояу орнына пайдаланып, ақ қағазға қайталанбас туындылар салады. Көпшілікке тосын бұл тәсіл оның шығармашылық қолтаңбасына айналған.
Тынышбек Балтабаев жиырма жылға жуық ғұмырын сурет өнеріне арнаған. Бұл оның әрі таңдаған мамандығы, әрі бала кезден бойына дарыған өнері. Осы уақытқа дейін суретшінің қолынан 500-ден астам картина шыққан. Шығармалары бірнеше мәрте көрмелерге қойылып, өнерсүйер қауымның назарына талай мәрте ұсынылған.
Ал 2020 жылдан бастап суретшінің шығармашылығында жаңа кезең басталды. Ол үстел үстіндегі түрлі түсті бояуларын қара мұнайға алмастырған. Осылайша, елде алғаш болып кен байлығын шығармашылығының басты құралына айналдырды.
Бұл ой суретшінің бала кезінен көңілінде жүрген екен. Алайда қиялдағы дүниені жүзеге асыру оңай болмады. Мұнайдың қасиетін танып, оны сурет салуға бейімдеу үшін ізденіп, тәжірибе жасауға тура келді. Мұның бәрі суретшінің талабына тұсау бола алмады.
- Мұнаймен сурет салу идеясы 2003 жылы колледжде оқып жүрген кезімізде көрген Әзербайжан суретшісінің көрмесінен бастау алды. Алайда ол кезде бұл бағытта жұмыс істеу ойымызда болмады. 2020 жылы өз көрмемізді ұйымдастыруды жоспарлап, сол суретшіні арнайы шақырдық. Бірақ ол мұнаймен сурет салу техникасының қыр-сырын ашып айтпай, авторлық құқыққа дегенге келтірді. Содан кейін досым Аймұрат екеуміз өз бетімізше ізденіп, тәжірибе жинай бастадық. Уақыт өте келе мұнаймен жұмыс істеудің өзіндік тәсілін меңгердік, - деді ол.
Қара мұнайдан картина жасау ісін суретші досы Аймұрат Танатовпен бірге қолға алған. Алдымен арнайы шеберхана ашып, жаңа бағытты дамытуға кіріседі. Маңғыстау мұнайлы өлке болғандықтан, шикізат табу қиынға соқпағаны анық. Алайда оны ақ қағазға түсіріп, көркем туындыға көп ізденісті қажет еткен.
- Мұнаймен сурет салудың өзіндік дайындық кезеңдері бар. Алдымен арнайы кенеп дайындап, оның бетіне грунтовка жағамыз. Кейде суреттің бастапқы нобайын қарындашпен түсіреміз, ал кейде бірден бояумен жұмыс істейміз. Кәсіби суретші үшін қарындаш та керек емес. Ең бастысы композицияны дұрыс құрып, жарық пен көлеңкені ажырата білу. Қалған іс әдеттегідей, - деді суретші.
Қылқалам ұшынан ағып түскен қара мұнаймен ол маңғаз Маңғыстаудың тау-тасын, табиғатын бейнелеуді ұнатады. Мұнайлы өлкенің келбетін өзіне тән қара-сұр реңкпен өрнектеу де ерекше үйлесім тапқан.
Шөл даланың ой-қыры, жартас пен сай-саласы мұнайдың табиғи түсімен өзгеше сипат алады. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, әр тастың көлеңкесін дәл түсіріп, табиғаттың шынайы келбетін қағазға көшіру үлкен шеберлік.
– Алдымен картинаның жарық пен көлеңке түсетін тұстарын белгілейміз. Көлеңкенің реңктері мен қатпарларын көрсету үшін арнайы металл құрал «мастихинді» пайдаланамыз. Оның көмегімен бояуға қажетті фактура беріп, жарық пен көлеңке арасындағы контрасті айқындаймыз. Осылайша картинаға монохромды кескіндемеге тән көркемдік сипат береміз. Қолымыз үйренгендіктен, бізге мұны айту оңай. Ал шын мәнінде, мұның артында үлкен еңбек жатыр, – деді Тынышбек Балтабаев.
Қара мұнаймен сурет салу бірер күнде бітетін жұмыс емес. Туындының көлемі мен күрделілігіне қарай оған апталап, тіпті айлап уақыт кетеді. Есесіне, мұнай арқылы өнер тарихына таңбаланған туынды ұзақ кеуіп, ғасырлар бойы өз бояуын жоғалтпайды екен.
- Менің түсінігімде, мұнай көптеген бояу мен материалдың негізгі шикізаты. Одан пластмасса, түрлі бояулар және басқа да өнімдер өндіріледі. Мұнаймен салынған картиналардың басты ерекшелігі ұзақ уақыт сақталуында. Дұрыс дайындалып, тиісті технологиямен салынса, бояудың түсі мен фактурасы өзгермей, бастапқы қалпын ғасырлап сақтайды, - дейді ол.
Көненің көзіндей сақтауға болатын бұл картиналарға деген қызығушылық та артып келеді. Көпшілікке тосын өнер түрі біртіндеп танылып, өзіндік көрерменін қалыптастыра бастаған. Ал суретшілер бұл бағыттың келешегінен үлкен үміт күтеді.
– Біздің ойымыз, мұнаймен сурет салу өнері елімізде соңғы бес-алты жылда ғана қалыптаса бастады. Алғашқы туындыларды Аймұрат екеуміз жасадық. Адамдар жұмыстарымызды көргенде қызығушылық танытып, кейбірі сатып алып жатады. Мұнаймен сурет салу біртіндеп Маңғыстаудың өзіндік өнер бағытына, тіпті өңірдің символдарының біріне айналып келеді, – дейді Тынышбек Балтабаев.
Кәсіби суретшілердің ендігі мақсаты бұл өнерді әлемге таныту. Туындылары Еуропа асып, өзге де ірі мемлекеттердің көрме алаңдарында ұсынылғанын қалайды. Осы арманды жүзеге асыру үшін қазір жаңа жобалар әзірлеп, халықаралық көрмелерге дайындалып жүр.
Мұнаймен салынған картиналардан бөлек, Тынышбек Балтабаевтың шығармашылық қоржынында өзге де туындылар бар. Ол суретшілер тобымен бірге «Арт-экспедиция» жобасына қатысады. Төрт жылдан бері шетелдерге сапарлап, әр елдің табиғатын, көрікті жерлері мен өзіне тән ерекшеліктерін қағаз бетіне түсіріп жүр.
- Алғашқы ірі жобамызды Отпан таудан Ұлытауға дейінгі бағытта бастадық. Мақсатымыз – Қазақстанның төрт тарабын аралап, әр өңірдің табиғаты мен ерекшелігін сурет арқылы бейнелеу. Кейін Өзбекстанға экспедиция ұйымдастырдық. 2024 жылы Қырғызстанға, 2025 жылы «Түрік қазақтары» командасымен Түркияға бардық. Ал 2026 жылы «Арт-экспедиция – Моңғолия 2026» жобасы аясында Моңғолияда шығармашылық жұмыстар жүргіздік. Сапар барысында сол жердің көріністерін бейнелеп, жаңа туындылар жасаймыз, - дейді ол.