Бойжеткен өзін құрбандыққа шалады деп қорқытқан танысын кешірді - Атырау облысы ІІД
Облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, Атырауда тұратын бойжеткеннің бірі жексенбі күні таңертең ұялы телефонынан өзін құрбандыққа шалуға таңдалып алынғанын және қаза табатындығы туралы хабарлама алады. Қыздың әкесі бірден полицияға хабарлаған.
«Анықталғанындай, қыздың телефонына облыстағы Махамбет ауданының тұрғыны хабарласқан. Ұялы телефонның иесі сим-картаны лақтырып жіберсе де қолға түсті. Телефон террорисі қыздың танысы, қалалық колледждердің бірінде оқитын 20 жастағы жас жігіт болып шыққан. Ауылдағы туысқандарына қонаққа келген ол таныс қызды қорқыту үшін телефон шалған», - деп мәлім етті Г.Мұхтарова.
Жас жігіт Атырауға жеткізіліп, құқық қорғау органдарының қызметкерлері онымен жұмыс істеді. Оның тек бұзақы екені анықталған соң, бойжеткен досын кешіріп, арызын қайтып алды.