Бозымбаев: Маңғыстауда қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында жауап береді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
— Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ, — деді ол.
Қанат Бозымбаевтың сөзінше, оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады.
— Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын, — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барып, әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.