Бозымбаев министрге Қытай мен Ресейден келетін өзендер мәселесін біржола шешуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су ресурстары және ирригация министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұржан Нұржігітовке биыл су дипломатиясын жандандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Оның айтуынша, бұл шара Ресей мен Қытайдан бастау алатын өзендердің жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселесін реттеу үшін қажет.
— Ресей бағытында өзара атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, Жайық, Ертіс сияқты ірі өзендердің бассейндерінде зерттеулер жүргізу ынтымақтастығының жол картасын әрі қарай да іске асыруға ерекше назар аудару керек. Биыл ақпан айынан бастап екі тарап та тасқынға дайындықты белсенді әрі, бір-бірін құлақтандыра отырып жүргізіп жатқанын атап өту қажет. Қазақстан Ресей аумағындағы су қоймаларының жұмыс режимін алдын ала түзетіп отыру үшін жедел жұмысты жалғастыруды тапсырамын, — деді вице-премьер.
Қанат Бозымбаевтың пайымдауынша, Қытай бағытында да осындай жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер бар.
— Бір сөзбен айтқанда, биыл министрлікке су дипломатиясын жандандыру керек, — деді Премьер-министрдің орынбасары.
Министр Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, ведомство құрамында Қытай мен Ресейден келетін трансшекаралық өзендер бойынша келіссөз жүргізе алатын 8 су дипломаты бар.