Бір адамның қолына жиналған байлық теңсіздік туындатады – Эмманюэль Макрон
Maqsut Narikbayev University-де өтіп жатқан Франция президенті Эмманюэль Макронның дәрісінде әлемде теңдік сақтау мәселесі туралы әңгіме өрбіді, деп хабарлайды Kazinform.
Франция президентіне сұрақ қойғандардың арасында Maqsut Narikbayev University-дің халықаралық журналистика мектебінің бірінші курс студенті Адина Рукатова болды.
«Сіздің адамдар арасындағы сапалы қарым-қатынасты қолдайтыныңызды білеміз. Біздің білгіміз келетіні, жас буынның өкілі ретінде әлемдегі тепе-теңдік үшін не істей аламыз?», - деп сұрады ол.
Эмманюэль Макрон бұл ұғымды жекелеген мемлекеттер мен аймақтар деңгейінде де, жаһандық ауқымда да қарастырып, оны шешудің жолдарын атады.
«Жалпы теңдікті жаһандық деңгейде қарастыру өтер қиын. Өйткені теңсіздік кез келген мемлекетті әлсіз ете түседі. Мысалы, Францияда әлеуметтік жағынан осал адамдарды қолдау жоғары деңгейде. Әрине, біздің қоғамда да теңсіздіктер бар. Дегенмен бізде шығыстар мен кірістерді реттейтін жүйе бар. Теңсіздікті қаражат мағынасында ғана емес, білім саласында мейлінше азайтқымыз келеді. Көп жағдайда, бүгінгі таңда теңсіздіктер әлеуметтік мәртебелерге де негізделеді», - деді Франция басшысы.
Сондай-ақ ол үлкен байлықтың бір адамның қолында немесе белгілі бір аймақта шоғырлануы да теңсіздікке себепкер болатынын атап өтті.
«Жаһандық деңгейде алсақ, капитализм, тең терезелі сауда-саттық мәселелерінде теңдікті сақтау өте қиын. Сондықтан жалпы жаһандық мәселелерде кедейлікті төмендету арқылы теңдікті қамтамасыз етуге күшіміз жететінін көріп отырмыз. Мысалы, Қытай, Үндістан сияқты елдерде миллиондаған адам кедейлік шегінен өтіп, еңбектің арқасында орта санатқа жету мүмкіндігіне ие болды. Дегенмен жүйе біз ойлағандай деңгейде жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда көптеген дағдарыспен бетпе-бет келіп жатырмыз. Байлық пен игіліктер белгілі бір көздерде ғана шоғырланған. Әсіресе, қаржы мәселесінде осындай бар. Мәселен, жекелеген адамдардың қолында үлкен байлық шоғырланған жайттар бар. Кейбір посткеңестік мемлекеттерде сондай аймақтар бар. Сол себепті көптеген теңсіздік кездеседі. Кейбір адамның басында үлкен байлықтың болуы теңсіздік туындатады... Бізде ондай теңсіздікке негізделген салық жүйесі бар. Осы жүйе теңсіздікті ауыздықтауға мүмкіндік беріп тұр», - деді Эмманюэль Макрон.
Сондай-ақ ол халықаралық қаржы ұйымдары инвестициялық жобаларды «Оңтүстікке көбірек бағыттау керек» деген пайым айтты.
«Екіншіден, дамуға бағытталған қаражат пен инвестицияларды Солтүстіктен Оңтүстікке қарай бағыттауымыз керек. Мен маусым айында Парижде бір конференция ұйымдастырып, жаһандық қаржылық және климат өзгерістерін талқылаған едік. Сол кезде «Экологияға басымдық берсек, мемлекетіміз кедейлене бастайды» деген уәждер айтылған болатын. Сондықтан да біз жалпы жаһандық қаржыландыру Солтүстіктен Оңтүстікке қарай жүру керек деп отырмыз. Яғни, Дүниежүзілік банк пен халықаралық қаржы ұйымдары осы бағытта жұмыс істеуі керек. Көптеген мемлекет, біздің Франция да даму бағытындағы инвестициялардың көлемін ұлғайтты. Бүгінгі таңда осы қаржы тікелей дамушы мемлекеттерге ауысуы керек. Міне, осындай үлкен қозғалыс барынша тезірек орнауы керек. Әйтпесе біз теңсіздікті еңсеруге үлгермей қалуымыз мүмкін. Теңсіздікті сезініп отырған аймақтар климат өзгерісінен де жапа шегіп жатыр. Ондағы халық климаттық өзгерістер болып жатқанына кінәлі емес, бірақ содан зардап шегіп отыр», - деді Франция президенті.