Бірі аман, екіншісі қаза тапты: Түркістан облысында тауда адасқан екі азамат табылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFROM — Тірі қалған азамат атпен таудың етегіне түсіріліп, туыстарына табысталды. Ал қайтыс болған екінші адамның денесі полиция қызметкерлеріне берілді.

Түркістан облысында тауда адасқан екі азамат табылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

1 қыркүйек күні «112» пультіне Шымкенттен хабарлама түскен. Онда 31 тамыз күні тауға шыққан 1996 және 1997 жылы туған екі жас жігіттің жоғалып кеткені айтылған. Төтенше жағдай қызметі шақырту түскен бойда дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кіріскен. 

Түркістан облысында тауда адасқан екі азамат табылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

— Құтқару операциясы теңіз деңгейінен 2200 метр биіктікте, Сайрамсу шыңы маңында, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің аумағында жүргізілді. Қасқасу ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан бұл аймақ рельефінің күрделілігімен және қатерлі жартастарымен белгілі. Сол себепті іздеу жұмыстары құтқарушылар үшін оңайға түскен жоқ, — делінген Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Операция барысында «Ізгі ниет» асуы маңында құтқарушылар жоғалған туристердің бірімен байланыс орната алған. Ол екінші азаматтың 1996 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы екенін айтқан. Алайда жартасты әрі биік тау шатқалдарына тікұшақ жақындай алмай, құтқару тобы жаяу іздеуді жалғастыруға мәжбүр болды.

Түркістан облысында тауда адасқан екі азамат табылды
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Жағдайдың қиындығына қарамастан, арнайы көмекке Қазақстан альпинизм федерациясының бес кәсіби альпинисі жұмылдырылды. Олар құтқарушылармен бірге жартастарға көтеріліп, іздестіруді жалғастырды. Нәтижесінде тірі қалған бір турист табылып, қайтыс болған адамның денесі де анықталды.

— Тірі қалған азамат атпен таудың етегіне түсіріліп, туыстарына табысталды. Ал марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне берілді. Бұл құтқару операциясына Төтенше жағдайлар министрлігінің 18 қызметкері мен 5 техникасы, орман шаруашылығы мамандары, полиция қызметкерлері, альпинистер, сондай-ақ ТЖМ-нің ұшқышсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» тікұшағы қатыстырылды, — делінген ведомства ақпаратында.

Түркістан облысының табиғаты әсем болғанымен, таулы аймақтарда қауіп-қатер де аз емес. Сондықтан құтқарушылар тұрғындар мен туристерге әрдайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, тауға шыққанда дайындықпен баруды ескертеді.

Айта кетейік, бұдан бұрын елімізде төтенше жағдайдан хабардар ету қағидасы жаңарғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар