«Бір белдеу – бір жол» жобасын 140 мемлекет қолдап отыр
ҚАШҚАР.KAZINFORM - Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасындағы экономиканың одан әрі ілгерлеуіне, туризмнің дамуына бұқаралық ақпарат құралдары да ықпал етті. Бұл туралы «Шыңжаң-Қашқар» жәрмеңкесі аясында өткен конференция барысында журналистер айтты.

Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің тауар өндірушілеріне арналған «Шыңжаң-Қашқар» жәрмеңкесіне Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Қазақстанның барлығы 20 бұқаралық ақпарат құралы өкілдері қатысты. CNS Қытай мемлекеттік агенттігінің Синьцзян филиалы бас редакторының орынбасары Ван Цзянь Шэннің айтуынша, Орталық Азия елдерінің журналистерін Қытайда өтетін ауқымды шараларға шақыру дәстүрге айналған. Бұл ақпартты шынайы әрі дер кезінде жеткізуге мүмкіндік туғызады.
«2013 жылы ҚХР төреғасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған ресми іссапары барысында Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдер үшін экономикалық белдеу құруды ұсынған болатын. Ал 2023 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммиті өтті. Он жыл ішінде көптеген оң өзгеріс болды. Оны өздеріңіз де көрсетіп, жазып жүрсіздер», - деді ол.
Өзбекстандық журналист Асадбек Бобожонов Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы «Бір белдеу - бір жол» мега жобасына қазір Еуропа елдері де қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

«Ресми деректерге сүйенер болсақ, қазір 140 мемлекет пен 30 халықаралық ұйым «Бір белдеу - бір жол» жобасын қолдап отыр. Бұл аталған бағдарламаға алдағы уақытта Еуропа елдері де қосылуы мүмкін дегенді білдіреді», - дейді ол.
Журналистердің пікірінше, Қытай мен Орталық және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасындағы экономиканың одан әрі ілгерілеуіне, туризмнің дамуына бұқаралық ақпарат құралдары да ықпал етті.
Осыған дейін, жәрмеңкеге Қазақстанан 10 компания қатысып жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қытайдың CNS агенттігі Kazinform-мен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізген еді.