Бір малға 808 млн теңге субсидия алған – Мәди Тәкиев
АСТАНА. KAZINFORM — Кейбір ұйымдар бюджетті кредитті депозитке салып, пайда тауып отырған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
- Жүргізілген тексерулердің нәтижелері мемлекеттік қолдау жүйесінің жекелеген қатысушылары бюджет қаражатын мақсатына сай пайдаланбай отырғанын көрсетті. Бірнеше мысалға тоқтала кетейін. Кейбір ұйымдар қаржы институттары болмаса да бөлінген қаражатты кредит беруге және пайыз түрінде табыс ала отырып, оларды депозитке орналастыруға пайдаланған, - деді министр.
Осы орайда Мәди Тәкиев нақты мысалдар келтірді.
- Бөлінген 1 млрд теңге бюджеттік кредитті депозитке салу арқылы 80 млн теңге пайда көрген фактілер анықталды. Бір мал басына 808 млн теңгеге бірнеше рет субсидия алу жағдайлары да орын алды. Бұл мысалдар бақылау мен цифрлық талдауды күшейту – мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттырудың негізгі бағыты болып қала беретінін көрсетіп отыр, - деді ол.
Сондай-ақ министр білім беру саласында қаражатты жұмсау кезіндегі бұзушылықтарды да атады.