Бір өлшем үлкен алу — Балаға аяқкиімді қалай таңдаған дұрыс

АСТАНА. KAZINFORM — Балаға аяқкиім таңдағанда ата-аналар көбіне оның әдемілігі мен өлшеміне мән береді. Алайда аяқкиімнің ыңғайлылығы мен табанының қалыңдығы да маңызды. Өйткені дұрыс таңдалмаған аяқкиім баланың табанына кері әсер етуі мүмкін. Аяқкиімді бір өлшем үлкен алуға бола ма? Майтабан қай жасқа дейін қалыпты саналады? Қандай жағдайда ортопедке қаралу қажет? Осы және өзге де сұрақтарға жоғары санатты балалар травматолог-ортопеді Жомарт Сүлейменов Kazinform тілшісіне жауап берді.

Ортопед кеңесі
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Баланың табаны қай жасқа дейін қалыптасады?

Кішкентай баланың табаны жалпақ болып көрінсе, ата-аналар алаңдауы мүмкін. Алайда бұл міндетті түрде майтабандық белгісі емес. Өйткені баланың табаны жасына қарай біртіндеп өзгереді.Жомарт Сүлейменовтің айтуынша, баланың табаны 1–5 жас аралығында дамиды. Сондықтан бес жасқа дейін оның жалпақ болуы қалыпты жағдай саналуы мүмкін. Дәрігер майтабандылықтың тұқым қуалайтын және жүре пайда болатын түрлері бар екенін де атап өтті. 

Баланың табанындағы өзгерістерді бақылау үшін ортопедке уақтылы қаралған жөн. Маман әсіресе алғашқы жылы жоспарлы тексерулерден өтудің маңызды екенін айтады.

— Бір жасқа дейін баланы 1, 3, 6 және 9 айлығында ортопедке көрсету қажет. Ал бір жастан кейін жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткізген дұрыс, — деді Жомарт Сүлейменов.

Жомарт Сүлейменов
Фото: Жомарт Сүлейменовтің жеке мұрағатынан

Аяқкиімді бір өлшем үлкен алған дұрыс па?

Баланың аяғы тез өсетіндіктен, кей ата-аналар аяқкиім көп ұзамай тар болып қалмасын деп, бір өлшем үлкенін сатып алады. Алайда ортопед мұндай таңдауды құптамайды. Оның айтуынша, аяқкиім баланың қазіргі аяқ өлшеміне сай болуы керек.
Өлшемнен бөлек, аяқкиімнің табанына да назар аудару қажет.

— Аяқкиім табанының қалыңдығы кемінде 1 сантиметр болғаны дұрыс. Себебі табаны тым жұқа әрі жұмсақ аяқкиім баланың табан пішінінің өзгеруіне әкелуі мүмкін, — деді ортопед.

Сондықтан аяқкиім сатып аларда оның сыртқы көрінісімен шектелмей, пішіні мен балаға қаншалықты ыңғайлы екенін де ескерген жөн.

Қандай жағдайда ортопедке қаралу қажет?

Баланың аяғы ауырса немесе жүргенде тез шаршаса, мұны назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Мұндай шағымдармен қатар, табан пішініндегі өзгерістер де дәрігерге қаралуға себеп болуы мүмкін. 

Жомарт Сүлейменовтің айтуынша, мына белгілердің бірі байқалса, ортопедке міндетті түрде қаралу қажет:

· Табан пішінінің өзгеруі;
· Жүргенде табанның ауыруы;
· Аяқта мүйізгектің пайда болуы;
· Жүргенде аяқтың тез шаршауы.

Ал ешқандай шағымы жоқ балаларды да жылына бір рет профилактикалық тексеруден өткізіп тұрған жөн.

аяқ киім таңдау
Фото: ЖИ

Ортопедиялық аяқкиім барлық балаға қажет пе?

Кей ата-аналар баласының табаны дұрыс қалыптасуы үшін арнайы ортопедиялық аяқкиім немесе ұлтарақ сатып алады. Алайда олардың қажет не қажет еместігін дәрігер тексеруден кейін ғана анықтай алады.

— Алдымен плантография жасалады. Бұл тексеру кезінде баланың табан ізі түсіріліп, оның пішіні бағаланады. Содан кейін ортопед арнайы аяқкиім немесе ұлтарақ қажет пе, соны шешеді, — деп түсіндірді Жомарт Сүлейменов.

Сондықтан ортопедиялық аяқкиім мен ұлтарақты өз бетінше таңдамаған дұрыс.

Аяқкиімді қаншалықты жиі ауыстыру қажет?

Бала өскен сайын аяқ өлшемі де өзгереді. Соған байланысты бұрын ыңғайлы болған аяқкиім уақыт өте келе тар болып қалуы мүмкін. Сондықтан аяқкиім сатып алғаннан кейін де оның балаға сай келетінін қадағалап отыру қажет.

Жомарт Сүлейменов аяқкиімнің өлшемі мен ыңғайлылығын әр алты ай сайын тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ оның пішініне, түріне және ауа райына сәйкестігіне назар аударған жөн.

Бұған дейін ортопед Олжас Байназаров балалардағы майтабан мен вальгустық деформацияның айырмашылығын түсіндіріп, аяқ пішініндегі өзгерістердің қай кезде қалыпты саналатынын айтқан еді.