Бір палаталы Парламент – қисынды қадам: ресейлік сарапшылар пікірі
МӘСКЕУ. KAZINFORM - Мемлекет басшысының Парламентті бір палаталы ету бастамасы ел ішінде ғана емес, көршілес мемлекеттердің сараптамалық қауымдастығында да қызу талқыға түсті. Ресейлік сарапшылардың пікірінше, бір палаталы Парламент заң шығару процесін жеңілдетеді, басқа аспектілерге нұқсан келтірмей-ақ оның тиімділігін арттырады.

Ресейдегі Аймақтық проблемалар институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлевтің айтуынша, қазіргі жағдайда Қазақстан Парламентінің Жоғарғы палатасының өкілеттіктерін ескерсек, бұл – заң жобаларын әзірлеу мен қабылдау рәсімін жеңілдетудің қисынды жолы.
– Себебі, Сенаттың ерекше өкілеттіктері жоқ, ол тек Мәжіліс қабылдаған заңдарды бекітеді, ең көп жағдайда палаталардың ұстанымдарын келісу процесі жүреді. Осындай жағдайда бір палаталы Парламент жылдам әрі тиімді жұмыс істейді, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, екі палаталы Парламент кезінде жас демократияны қателіктерден сақтандыру үшін құрылған болуы мүмкін.
– Қазір де демократия әлі жас, бірақ бұрынғыдай заң шығару қателіктерінен қорқатын деңгейде емес. Сондықтан Қазақстан Президенті осы бастаманы көтеріп отыр, – деді сарапшы.
Ал ресейлік тағы бір сарапшы Максим Шевченко Қазақстанның өз дәстүрі мен тарихи ерекшеліктеріне сүйенуі қажеттігін айтты. Жалпыұлттық талқылаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен Парламенттің қалай құрылатынын анықтау керек: партиялық тізім бойынша ма, әлде халыққа жақынырақ өзге өлшемдер негізінде ме? Сондай-ақ, нақты саяси биліктің қай жерде шоғырланатынын белгілеу маңызды.
– Қытайдың үлгісі осы тұрғыда назар аударарлық. Ол жерде бір ғана палата бар – Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы. Маңыздысы – билік жүйесі мен әлеуметтік институттар халықтың дәстүрлі өмір салтына сәйкес болуы керек. Әр елдің формасы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ негізінде халыққа қамқорлық маңызды. Бұл мәдениетке сәйкес келеді және сондықтан тұрақты болады, – деді сарапшы.
Сонымен қатар, Максим Шевченконың айтуынша, Қазақстанда әртүрлі этностар өмір сүреді, ал қазақтар олардың көбіне бауыр болып кеткен.
- Сондықтан парламенттік жүйе барлығына қолайлы болуы тиіс, - деп түйіндеді сарапшы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтінін мына жерден оқи аласыз.