Бір палаталы Парламент туралы бастаманы халық қолдап отыр — Президент

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты.

Ұлттық құрылтай
Фото: Ақорда

— Бір палаталы Парламентке көшу туралы бастаманы халық қолдап отыр десек, ешқандай қате болмас. Қоғамдық пікірді білу үшін тұрақты түрде жүргізілген сауалнамалар және жұмыс тобының қорытындысы да осы пайымға келіп тоғысады. Депутаттар мен партия фракцияларының жетекшілері жақында аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесіп қайтты. Олар халықтың осы бастамадан хабардар екенін және реформаны қолдап отырғанын айтып жатыр. Бұл жерде қандай да бір пікір қайшылығы жоқ. Жалпы бағыт-бағдарымыз — айқын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент алдағы өзгерістерге қатысты ортақ мәміле бар екенін айтты.

— Жұмыс тобы барлығын жан-жақты сараптай отырып, нақты пайымдары мен ұсыныстарын ортаға салды. Негізгі пікірталас «Жаңа Парламент қандай болады, неше депутаттан тұрады? Құрылымы қандай болады және қалай жұмыс істейді?» деген сауалдар жөнінде өрбіді. Бұл терең зерделеп, жан-жақты сараптап, өлшеп, байыппен түпкілікті шешім қабылдайтын аса маңызды, тіпті, шешуші мәселе болды дер едім, — деді Мемлекет басшысы.

Парламент реформасы аясында әйелдердің 30% квотасын сақтап қалу ұсынылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар