Бір препараттың әртүрлі дәріханадағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді - аудит
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов елімізде дәрі-дәрмектің шекті бағасына қатысты проблеманы айтты.

- Шекті бағаларды қалыптастыру кезіндегі өрескел заң бұзу анықталды. Олардың қатарында шамадан тыс маркетингтік және тасымалдау шығындарын қосу байқалды. Препараттар тіпті оригиналдарынан да бірнеше есе жоғары бағамен сатып алынған.
Дәрілерге қосылған үстеме баға зауыттық бағадан 172 пайызға дейін жетеді, ал Еуропада және әлемде 30 пайыздан аспайды.
Бір препараттың әртүрлі дәріханадағы бағасы 3-5 есеге дейін өзгереді. Түпнұсқаның бағасы 344 теңге болса, отандық тауар өндірушінің (ОТӨ) генеригінің бағасы 1273 теңгені құраған. Бұл 4 есеге дейін қымбат. Бұл қалай мүмкін болды? Отандық зауыт елде сатылмайтын шетелдік аналогтың бағасын алып, соған байланыстырып, өз шығындары мен бағасын есептеп, солай дәрінің бағасы көтеріледі. Оны оригиналмен салыстырсақ, көптеген отандық дәрілер шетелдік түпнұсқасынан еселеп қымбат болып шығады, - деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, «парацетамолдың» зауыттық бағасы 59 теңге. Бұл препарат Қырғызстанда 90 теңге болса, ал Қазақстанда 144 теңгеге сатылып жатыр.
- Салыстырыңыздар, «терафлюге» елде белгілеген шекті баға 3,3 мың теңге, ал зауыттық бағасы 1,5 мың теңге, Ресейде - 2,2 мың теңге, Қырғызстанда 2,5 мың теңге тұрады... Тіпті, сұмдық жағдай, дәріханаларда бюджет есебінен сатып алынған дәрілер анықталды, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.
Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды.