Бір таблетка жеткілікті: гонореяға қарсы жаңа дәрі жасалды

АСТАНА. KAZINFORM — Бір реттік қолдануға арналған жаңа дәрі — золифлодацин — гонореяны емдеуге арналған. Ол жақын күндері мақұлдануы тиіс. Бұл дәрі антибиотиктерге төзімділіктің артып келе жатқан жағдайында инфекциямен күресте маңызды рөл атқаруы мүмкін, деп хабарлайды Euronews.

таблетка, дәрі
Фото: pixabay

Гонорея — жыныстық жолмен жұғатын инфекция, көбіне симптомсыз өтеді. Оны емдемесе, жатыр мен жыныс мүшелерінің қабынуына немесе бедеулік сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Золифлодацин — соңғы онжылдықтардағы тек осы инфекцияны емдеуге арналған алғашқы жаңа антибиотик. Ол дәріге төзімді супербактерияларға қарсы бағытталған және жақын арада АҚШ-та сатыла бастайды деп күтіледі.

Жақында зерттеушілер АҚШ, Оңтүстік Африка, Тайланд, Бельгия және Нидерландыдан келген 900-ден астам қатысушымен клиникалық сынақ жүргізді. Бұл Neisseria gonorrhoeae инфекциясына қатысты ауқымды зерттеу болды.

The Lancet журналында жарияланған нәтижелерге сәйкес, жаңа дәрі, яғни оның бір таблеткасы 90%-дан астам жыныстық ағзалар инфекциясын емдейді.

— Гонорея әлемдегі қоғамдық денсаулық үшін әлі де үлкен проблема болып отыр. Антибиотиктерге төзімділіктің артуы жаңа емдеу әдістерін қажет етеді, — деп атап өтті Алабама университетінің медицина профессоры, зерттеудің жетекшісі Эдвард Хук.

Ол сонымен қатар, соңғы онжылдықтарда жаңа емдеу тәсілдерінің болмауы және антибиотиктерге төзімділіктің артуы инфекцияны емдеуді қиындатқанын айтты.

2023 жылы Еуропалық Одақта гонореяның расталған жағдайлары шамамен 100 000-ға жетіп, әр 100 000 адамға шаққанда 25 жағдай тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 31% көп.

Антибиотиктерге төзімділіктің өсуі

Қазіргі таңда негізгі емдеу әдісі — цефтриаксон, себебі инфекция басқа танымал антибиотиктерге төзімді болып кеткен.

Еуропалық ауруларды бақылау орталығының (ECDC) мәліметі бойынша, ЕО-да цефтриаксонға төзімділік сирек кездеседі. Бірақ азитромицинге төзімділік соңғы жылдары артқан: бұл 2022 жылы бактериялардың 25,6%-ында анықталған.

Жаңа препарат Innoviva Speciality Therapeutics компаниясы мен Global Antibiotic Research & Development Partnership (GARDP) ұйымының жетекшілігімен мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жасалған.

АҚШ-тағы Тамақ және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) жақын күндері золифлодацинді мақұлдауы күтіліп отыр.

Еуропада бұл дәрі әдеттегі антибиотик ретінде емес, тек клиникалық сынақтарда немесе ерте қолжетімділік бағдарламалары аясында ғана қолданылады.

Бұдан бұрын Еуропа елдерінде өте қауіпті Trichophyton indotineae инфекциясы таралып жатқаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар