Бір топ ақтөбелік әскери борышын өтеуге аттанды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Барлығы 23 жас жігіт іріктелді. Олар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімшесінде қызмет етеді.
Ақтөбе облыстық қорғаныс істері департаменті әскерге шақырылушылардың алғашқы легін аттандырды. Іріктеуден өткен 23 жас сарбаз Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімшесіне барады. Жас сарбаздарды ата-аналары мен бауырлары, достары шығарып салды.

— Әскердегі қызмет — азаматтың өміріндегі маңызды мектеп. Ол жас сарбаздардың мінезін шыңдап, жауапкершілік пен жолдастық сезімін қалыптастырады. Бәрі өз міндетін абыроймен атқарып, елдің қорғаушысы болатынына сенеміз, — деді Ақтөбе облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы Ардақ Құмаров.

Оның айтуынша, әскери борышын өтеген кезде көп балл жинаған сарбазға арнайы сертификат беріледі. Бұл туралы мәліметті «Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесінен біруге болады. Сертификат ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Шығарып салу рәсімінде несие төлеу мерзімін кейінге шегеруге болатыны туралы да айтылды.
Айта кетейік, көктемде Ақтөбеде мыңнан астам азамат әскерге шақырылады. Шақыру науқаны маусым айының соңына дейін жалғасады.