Бір топ украиналық бала жазғы демалысын Қазақстанда өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM – «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына Украинадан бір топ бала демалып, оңалтудан өтуге келді. Бұл туралы аталған орталық хабарлайды.

«Балдәурен» халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр, балалардың демалысын ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар орталық шетелдік балаларды да қабылдай отырып, мәдени байланысты дамытуға ерекше көңіл бөледі.
- Орталық жұмыс істеген жылдар ішінде мұнда әлемнің 15 елінен келген балалар демалды. Соңғы үш жылдың ішінде «Балдәурен» орталығы ТМД елдерінен, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерден келген 700-ден астам шетелдік баланы қабылдады. 3 маусымда Қазақстанға демалыс пен оңалтудан өту үшін Украинадан балалар тобы келді. Олар үшін біздің еліміз туралы танымын кеңейтуге бағытталған бірқатар іс-шара жоспарланған. Атап айтқанда, балалар «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне экскурсия жасап, Астана қаласындағы көрнекті орындарға саяхаттайды, - делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, мұндай сапарлар балалардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, мәдениетаралық түсіністік пен өзара құрметті қалыптастыруға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға ықпал етеді.
- Балалық шақ — бақыт мекені. Оны бірлесе қорғау және дамыту — баршаға ортақ міндет. Қазақстан әр елден келген жас қонақтарға есігін айқара аша отырып, халықтар арасындағы достықты қалыптастыруға және сенімге, құрметке, жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген әлемнің негізін қалайтын жас ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді, - деп хабарлайды орталық.
Айта кетейік, елімізде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін республикалық штаб құрылды.
Сондай-ақ балалардың жазғы демалысы үшін лагерьлерге арналған жол картасы бекітілді.