Бір топ жасөспірім оқушыны соққыға жығып, оны видеоға түсірген
АСТАНА. KAZINFORM — Елорда мектептерінің бірінде оқушыны ұрып-соғу фактісі анықталды. Оқиға 4 қыркүйекте болған.

Желіде жарияланған видеодан бір топ оқушының жасөспірімді бұрышқа тақап қойып, ұрып-теуіп жатқанын байқауға болады.
Жазба авторының айтуынша, жасөспірімге күш көрсету елордадағы № 83 мектеп-гимназияда болған.
Сондай-ақ, бұзақылар басқа оқушыларға да күн көрсетпейтіні айтылған.
Істің мән-жайын қалалық білім басқармасынан сұраған едік.
«Аталған жағдай 4 қыркүйекте болған. Бүгінде бұзақылардың кім екені анықталды. Мектеп басшылығы тәртіп сақшыларымен бірлесіп балалар және олардың ата-анасымен түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар оқушылардан сұрау алынып, олар мектепішілік бақылауға қойылды», — деген жауап алдық басқарманың баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ қалалық Полиция департаментінен аталған іс бойынша қылмыс іс қозғалғаны айтылды.
«№ 83 мектеп-гимназиясының оқушысын ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды. Төбелестің барлық қатысушылары мектеп ішіндегі есепке алынды. Педагогтардың жауапкершілігі туралы мәселе қаралады», — делінген хабарламада.
Айта кетсек, биыл Астанадағы білім беру ұйымдарында буллингке қарсы бағдарлама іске қосылды.
Еске сала кетейік, еліміздегі суицид, буллинг, ұрып-соғудан әйелдер мен балаларды қорғайтын заңнама қалай өзгергенін жазған едік.