Бір жылда ауылдардың саны 149-ға азайды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Елімізде бір жылда 149 ауыл тарап кетті. Бұл тізімде Солтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр, яғни 45 елді мекен жабылған.
Жұрнағы қалған ауыл
Есіл ауданындағы Жаңалық ауылы тоқырау жылдары алғашқылардың бірі болып жабылған елді мекендер санатынан.
Кеңшардың бөлімшесі болған қазақ ауылы шамамен он жыл ішінде құрып кетті. Бір кездері өмір қыз-қыз қайнап жатқан елді мекен көшелерін бүгінде шөп басқан. Әр жерде құлаған үйлердің орны тұр.

Шөбі шүйгін, жері шұрайлы ауыл орнында қазір әр жерден жиналған мал бағылады. Жылқышылар кезекпен келіп-кетеді.
Қасындағы Орталық ауылы да Жаңалықтың кебін киді. Мұндай елді мекендер өңірде ондап саналады.

Ауыл неге жойылып жатыр
Шал ақын ауданы Бірлік ауылында қазір 70 шақты үй бар, тұрғындардың 60-70% — егде жастағылар. Күре жолдың бойында тұрғын елді мекеннің көшелеріне асфальт төселген.
Мектеп жұмыс істеп тұр. Жақында медициналық пункт пайдалануға берілмек.

— Көптеген қазақ ауылы жойылып кетті. Елден кеткен жігіттер зират басына жиналып, соның басында ас беріп, тарқайды. Міне, сондай халге жеттік. Өйткені ауылдың орны ғана қалған. Бірлік ауылы да соған жақындап қалды. Себеп қандай? Біріншіден тәуелсіздік алғаннан кейін, совхоздар жойылған соң халық жұмыссыз қалды ғой. Сол уақытта әрқайсы күнкөріс үшін әртарапқа кетті, қалаға, аудан орталығына көшті. Жойылып кетпес үшін бірдеңе істеу керек қой деп қазір жұмысты қолға алып жатырмын. Қазақ ауылына бетбұрыс жасау керек, — дейді жеке шаруашылығы бар Құдайберген Қалиев.

Зейнет демалысына шықса да, қол қусырып қарап отыра алмайтын адамдар болады. Құдайберген аға — солардың қатарынан.
Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен еңбектен туған өмірлік ұстанымдары оны әрдайым қозғалыста, қоғаммен байланыста ұстап келеді.
Туған ауылын құрып кетуден сақтау үшін бүгінде бірқатар шараны қолға алған.

— Біріншіден, халықты ұстап отырған мектеп, қазір Бірлікте шағын болса да мектебіміз бар, биыл жөндеу жүргізілді. Биыл өзіміздің шаруашылық есебінен медициналық пунктті салып жатырмыз. Жақында беріледі, ал ішіндегі керек-жарақтарын денсаулық басқармасы жеткізіп, орнатып береді. Енді сол мектепті толтыру керек. Ал енді балалар мұнда шамалы. Сондықтан көпбалалы отбасыларды шеттен әкелу керек. Жергілікті халықтың ауылға барғысы келмейді. Еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден халықты жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге қоныстандыру бағдарламасы бар, бірақ нәтижесі шамалы, көңіл толмайды. Оның себебі — көшіп келгендер мұнда тұрақтамайды. Келеді, ақшасын алады, сосын бірер жылдан кейін көшіп кетеді. Көпке топырақ шашуға болмайды, бәрі бірдей емес, әрине. Ең бірінші үй қажет, ескі-құсқы, көзбояушылықпен салынған емес, жақсы баспана болуы керек. Ішінде суы, жуынатын жері бар, жағдай жасалған болуы шарт. Сондай-ақ, бір-бірден емес, 6-7 отбасыны — туған-туысты шоғырландырып көшіру керек, — дейді өңірдің құрметті ақсақалы.

Биыл аудандық бюджет есебінен ауылда үш үй құрылысы басталған. Біреуіне жеті баласы бар отбасы көшіп келмекші.
— Бұрын «50 де 50» деген жақсы бағдарлама болды, үй құрылысына қажет қаражаттың жартысын мемлекет береді, қалғанын жергілікті шаруашылық бөледі. Сол кезде ертеңін ойлаған шаруашылықтар пайдаланып, ауылға үйлерді салып тастады. Қазір ол бағдарлама тоқтап қалды. Онымен біз де жылда екі-үш үйді салып тастап отырар едік. Тағы бір мәселе — жер. Ауылда бау-бақша ұстауға жер жеткілікті. Мен облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде жер мәселесімен бастан-аяқ айналысқандардың бірімін. Тоқсаныншы жылдары кеңшарлар құрып, жерлер жекеге өтіп жатқан кезде, біз көшіп келушілерге арнайы жер қорын құрдық аудандық әкімдіктер жанынан. Ол «запастағы жер» деп аталды. Қазір құжаттарды көтеріп, сол жерлерді әкімдіктер қайтарса, көшіп келушілерге беруге болады. Ауылдан шыққан ақшалы жігіттер, елін сүйген патриоттар көп қой, соларға айтарым, кешіктірмей ауылға бет бұру керек. Көшелерде асфальт төселіп, үйлерге су кіргізіліп жатыр, электр қуаты бар. Үкімет жасап жатыр, біз де шет қалмай, ауылдарды дамытуға үлес қосуымыз керек, — дейді Құдайберген Қалиев.
Ауыл — еңбек ресурсы
М. Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Өңіртану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сейдахан Бақторазовтың пікірінше, қазіргі уақытта ауылдың әлеуеті дұрыс қолданылмай келеді.

— Еліміздегі ауылдардың, соның ішінде қазақ ауылдарының мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейтіндігі белгілі. Қазақстанда 2024 жылдың соңында ауыл тұрғындарының саны 7,5 млн адамды — 37,6% құрады, соның ішінде 5,3 миллионы, яғни 71% қазақтар екен. Ал енді осыншама үлкен еңбек ресурсына біз дұрыс бағыт бере алдық па? Меніңше жоқ. Мысал келтірер болсақ, Мемлекет басшысы 2021 жылы-ақ Алматы мен Жамбыл облыстарының басшыларына қант қызылшасын өндіру арқылы Қазақстанды өз қантымызбен қамтамасыз ету керектігі тұрғысында тапсырма берген болатын. Тиісінше, жыл сайын миллиардтаған теңге субсидия да бөлінді. Бірақ, мәселе шешілмеді. Бәріміз өткен күзде тау болып үйілген қызылшаның жаңбыр мен қардың астында қалып рәсуә болғанын көрдік. Ал ретін тауып қызылшасын өткізгендердің біразы әлі күнге дейін ақшасын ала алмай отыр. Осындайда ойға түседі, Бразилияда ХХ ғасырдың алғашқы жартысында какао және қант құрағын өндірушілер өз өнімдерін сату мәселесіне еш бас қатырып, әуре болмаған. Ол істі алып-сатумен айналысатын агенттер атқарған. Нәтижесінде, өнім өндірушілер өз еңбегінің жемісін молынан көріп, бақуаттылыққа жете алған, — дейді Сейдахан Бақторазов.
Ал, биыл ауылдықтардың басым көпшілігі қант қызылшасын екпеді.

Ресми дерек не дейді?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 6124 ауыл бар.
Өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда ауылдар саны 149-ға кеміген. Былтыр СҚО-да 635 ауыл болса, биыл 1 шілдеде 590-ы қалған.
Ақмола облысында екі ауылға қысқарып, 320 қалған, Батыс Қазақстан облысында бір жылда 8 ауыл тарап, бүгінде 405-і тіркелген.
Жамбыл облысында 367 ауылдың 14-і, Түркістан облысында 800 ауылдың алтауы жабылып қалған. Қызылорда облысында да мәселе бар, 230 ауылдың жетеуі бір жыл ішінде картадан жойылды.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы бір кездері түрме орналасқан Горное елді мекенінің қазіргі жағдайы жайында жазған едік.