09:19, 04 Қазан 2012 | GMT +5
«Браконьер» іс-шарасының барысында павлодарлық полицейлер аң және балық аулау, орманды кесу ережелерінің 132 бұзушылығын анықтады
ПАВЛОДАР. 4 қазан. ҚазАқпарат - «Браконьер» алдын-алу іс-шарасының барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері аулауға тыйым салынған сүйрік балығының 5 келісін анықтады, деп хабарланды Павлодар облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Кенжекөл ауылының маңында Павлодар облысының екі тұрғыны мінген көлікті тінту кезінде тәртіп сақшылары бағалы балықтар салынған пакетті тапты. Заң бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
1 қазан күні басталған «Браконьер» іс-шарасының екі күнінде облыстың полицейлері 132 бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында ағаштар мен көшеттерді заңсыз кесудің 8 фактісі, аң аулаудың 37 бұзушылығы, балықты заңсыз аулаудың 50 фактісі бар.
Браконьерлерден 5,3 текше метр ағаш, 92 келі балық, тіркелген 6 қару мен тіркелмеген 2 мылтық алынды.