Бразилия АҚШ-тың 50 пайыздық тарифіне қарсы қолдау жоспарын іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилия билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың кейбір бразилиялық экспорт түрлеріне 50 пайыздық тариф енгізуіне байланысты отандық компанияларды қолдау жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Euronews.

Бразилия АҚШ-тың 50 пайыздық тарифіне қарсы қолдау жоспарын іске қосты
Фото: Eraldo Peres/Copyright

13 тамызда президент Луис Инасиу Лула да Силва елдің экспорттаушыларына арналған «Егемен Бразилия» жоспарын таныстырды. Бағдарламаның негізгі бөлігі – зардап шеккен компаниялар мен салаларды қолдау үшін ашылған 5,5 млрд доллар көлеміндегі несие желісі. Лула бұл тек бастапқы көмек пакеті екенін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар арқылы қолдау жалғасатынын атап өтті.

АҚШ-тың жаңа тарифтері 1 тамыздан бастап күшіне енген. Бразилия ең көп зардап шеккен елдердің қатарында. Ақ үй иесі бұл шешімді Бразилияның америкалық технологиялық компанияларға «шабуыл жасауы» және бұрынғы президент Жаир Болсонаруға қатысты «саяси қудалау» жүргізуімен байланыстырды.

Жауап ретінде Лула да Силва экономикалық өзара әрекеттесу туралы заңды реттейтін жарлыққа қол қойды. Құжат Бразилияға экономикалық дамуға кедергі келтіретін біржақты санкцияларға жауап шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Бразилия Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) АҚШ тарифтеріне қатысты консультация сұрауын жолдады. Бұл – оларды даулау рәсімінің алғашқы қадамы болып саналады.

Айта кетейік, Бразилиялық компаниялар жаңа баж салығына байланысты АҚШ-қа мұнай жеткізуді тоқтатты.

Соңғы жаңалықтар