«Бразилияда оқыған балалар дарынсыз ба?» - баспасөзге шолу

***
Тәуелсіздікпен түйдей құрдас, егемендігіміздің елең-алаңында негізі қаланған Алматыдағы академик Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы биыл өзінің 25 жылдығын атап өтпек. Қазіргі таңда аталмыш емдеу мекемесін инновациялық медициналық технологиялармен жабдықталған, әлемнің жетекші урологиялық мекемелерімен терезесі теңескен деп айтуға бола ма? 25 жылда 30 ғылым докторын, 95 ғылым кандидатын даярлап шығарған институт ендігі жерде дүниежүзілік дәрежеге көтерілді ме? Бұл жөнінде толық білуі үшін «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында «Академик Б.О.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзакәрім Алшынбаевпен болған сұхбатта ұсынып отыр.
«Бүгінде біз дүние жүзінің жетекші орталықтарымен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Маңдайалды медицина мекемелерімен тығыз байланыс орнатылған және соған сай мамандарымыз тәжірибе байытып отырады. Бұл арада мысал ретінде, тек біздің институтта ғана қолға алынған, бұрын ешбір жерде болмаған «Ерлер денсаулығы» жобасын айтқым келеді. Бұл бағдарлама әлемдік брендке айналды. Басқа мемлекеттердегі әріптестеріміз баламасы жоқ осы бастамаға үлкен қызығушылық танытты. Өзіміздің базамызда Дүниежүзілік конгресс өткізуге қол жеткіздік. Бұл жиынға 24 мемлекеттің профессор, уролог-дәрігерлері қатысты.
Сол сияқты, ТМД мемлекеттері жас ғалымдарының қатысуымен конференциялар өткізіп келеміз. Жыл сайын бізде Қазақстан урологтары Одағы уроандрологияның көкейкесті мәселелеріне арналған ғылыми пленум ұйымдастырылып, оған Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстанның жетекші дәрігерлерін, жалпы айтқанда 11 мемлекеттің өкілдерін шақырдық»,-дейді Мырзакәрім Алшынбаев. Медицинаның осы саласындағы жетістіктер жайында толық білгілеріңіз келсе, басылымдағы «Ерлер денсаулығы» атты бағдарламамыз әлемдік брендке айналды» деген сұхбатты оқып шығыңыз.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, аз уақыт бұрын Үкімет сағатында депутат Нұртай Сәбильянов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына «Оле Бразил» академиясында оқыған жас футболшылар туралы сауал қойды.
- 2009 жылдан бері Бразилиядағы футбол академиясына балалар жіберіліп жатыр. Биыл да белгілі мөлшерде қаражат жұмсалды. Бірақ біз осы балалардың ешқандай жетістігін көрмедік қой. Неге нәтиже жоқ? Мүмкін, жұмысты басқаша ұйымдастыру қажет шығар, - деді депутат.
- Біз футбол ұйымдарына үлкен қаржы жұмсап жатырмыз, бірақ нәтиже жоқ, - деді А.Мұхамедиұлы. - Әрине, Бразилиядағы спорт мектептері жақсы дамыған, әлем чемпиондары сол жерлерден шығып жатыр. Бірақ біздің үмітіміз ақталған жоқ. Қазір осы жұмысты талдау-зерттеу шаралары атқарылып жатыр.Бұл жайында «Бразилияда оқыған балалар дарынсыз ба?» деген көлемді мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы басылымда «Түйе балуандар түгенделуде» атты материал жарияланды. Республикамыздың кейбір өңірлерінде «Қазақстан Барысы» турниріне қатысатын балуандар анықталды. Өткен аптаның соңында Қарағанды, Тараз және Талдықорған қалаларында ұйымдастырылған іріктеу турнирлері өз мәресіне жетті.
Қарағандыдағы жарыста Асыл Барменовтің тегеурініне ешкім шыдай алған жоқ. Былтырғы жылы «Қазақстан Барысы» турнирінде күміс медальді қанжығасына байлаған танымал балуан биылғы бәсекеде сол көрсеткішін жақсартуды мақсат тұтып отыр. Финалды Асыл Бекзат Ахметбековті ұтты. Ал Тараздағы тартыста Айтбек Айбол мен Дәулетхан Жақыповтың бақ жұлдыздары жанса, Талдықорғандағы турнирде Ұлан Рысқұл мен Александр Касачевтің мерейі үстем болды.
Алдағы күндері тағы бірқатар аймақтардағы іріктеу сайыстары аяқталады. Сол жарыстарда бірінші және екінші орынды иеленген балуандар 3 шілде күні Астанада Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінде күш сынасу құрметіне ие болады.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Ашаршылықтың ауыр зардабы» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 1930 жылдардағы ашаршылық: құжаттар мен деректер» атты дөңгелек үстел өтті. Жиындағы беташар сөзінде Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры, техника ғылымының докторы, профессор Б.Жапаров сол бір ашаршылық жылдарына байланысты мұрағат қорларындағы деректердің айтары мол, тек соларды талдау, таразылау - кезек күттірмес міндет екендігін алға тартты.
Борис Әлікенұлы мұндай деректердің әлі күнге дейін нақтыланбай, бір жүйеге түспеуінің салдарынан болып отырғандығын жеткізді. Режиссер, сценарист Еркін Рақышев түсірген «Ашаршылық» деректі фильмі, автордың фильмді жасау барысындағы ашаршылық оқиғаларына қатысты деректер хақындағы әңгімесі де ортақ әңгімені толықтыра түскендей болды.
Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков баяндамасында тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ашаршылық оқиғаларын зерттеу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамында академик ғалым М.Қозыбаев, жазушы, қоғам қайраткері Ш.Мұртазамен бірге жұмыс істегенін тілге тиек етті. Сонда ашаршылықтан 2 миллион халық қырылғандығын жария еткендіктерін айта келіп, бұл орайда бірқатар мәселелерге тоқталды. Ұлы Отан соғысының ардагері, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сағындық Кенжебаев Қарағандыдағы ашаршылық жылдар оқиғасына куәгер болғандығын еске ала отырып, өз зерттеулерінде ашаршылық жылдары Қазақстанды басқарған Голощекиннің бір рет те ауылда болмағандығын, сөйте тұрып, қазақ ауылының жағдайын жақсы білетін Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов сынды қайраткерлердің сөздеріне құлақ аспағандығына бірқатар дәлелдер келтірді.
Тарих ғылымының кандидаты Қайдар Алдажұманов мұрағаттардағы құжаттарда елімізде ашаршылық болғаны айтылғанмен, кісі шығыны туралы мәлімет келтірілмегендігіне, көп ретте шындықтың жасырылғандығына көз жеткізгендігін айтты.