Бразилиядағы су тасқынынан 39 адам қаза тапты

Бразилия
Фото: reuters.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияның оңтүстігіндегі Рио-Гранди-ду-Сул штатында су тасқынынан 39 адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Елдің Азаматтық қорғаныс департаменті 70-ке жуық адамның із-түзсіз жоғалғанын хабарлады. Толассыз жауған жаңбыр штаттағы 497 қаланың жартысынан көбіне әсер еткендіктен, кем дегенде 24 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды.

«Бұл сандар жақын күндері айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Өйткені біз көбірек аймақтарға кіру мүмкіндігіне ие боламыз», – дейді штат губернаторы Эдуардо Лейте.

Такуари өзенінің аңғарындағы барлық қала толығымен су астында қалды. Кейбір қалаларда көшелер өзенге айналып, жолдар мен көпірлер қирап қалды. Сондай-ақ, су тасқыны гидроэлектр торабының ішінара бұзылуына әкелді. Штат астанасы Порту-Алегриде өзендер арнасынан асып, су басқан көшелер қаланың орталық аудандарына қатынайтын жолдарды жауып тастады.

Бұған дейін Бразилияның оңтүстігінде толассыз жауған жаңбыр салдарынан он адам қаза тапқаны туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар