Бразилияның оңтүстігінде толассыз жауған жаңбыр салдарынан он адам қаза тапты

жауын
Фото: reuters.com

АСТАНА. KAZINFORM – Бразилияның оңтүстігіндегі Риу-Гранди-ду-Сул штатында нөсер жауын салдарынан он адам қаза тауып, 21 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Үкімет жағдайдың қиын екенін және одан сайын ушығуы мүмкін екенін ескертеді, деп жазады Reuters.

Штат губернаторы Эдуардо Лейте президент Луис Инасио Лула да Сильваға федералды көмекті сұрап хат жазғанын айтты.

«Біз Рио-Гранди-ду-Сулдағы ең ауыр сәтті, тарихымыздағы ең ауыр апатты бастан өткеріп жатырмыз», - деді Э.Лейте.

Губернатордың айтуынша, көпірлер құлап, жолдар жабылып, су тасқыны мен көшкіннен кейін бірнеше қала оқшауланып қалды.

Лейте аптаның соңына дейін бүкіл штат бойынша сабақтарды тоқтата тұру қажеттігі туралы жариялады және ол қарулы күштерден толық қолдау сұрағанын атап өтті.

3400-ден астам адам қатты жаңбырдың салдарынан қоныс аударды, бұл штаттың әр түкпірінде өзен деңгейінің көтерілуіне және су тасқынына әкеліп соқтырды, бұл 114 муниципалитетке әсер етті.

Соңғы жаңалықтар