Бразилиялық қорғаушы «Қайрат» құрамына қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қайрат» футбол клубы бразилиялық қорғаушы Лукас Африкомен келісімшартқа қол қойылғанын хабарлады.

Лукас Африко
Фото: «Қайрат» футбол клубы

Футбол клубының мәліметінше, келісім 2026 жылдың соңына дейін жарамды.

— Лукас Африко 30 жаста. Орталық қорғаушы позициясында ойнайды. Бойы — 188 см, салмағы — 85 келі, — делінген хабарламада.

Лукас Энрике да Силва Сан-Паулу қаласында дүниеге келген.

Кәсіби мансабын 2015 жылы Гуаральюстағы «Фламенго» клубында бастаған. 

Кейін «Сантос» пен «Лондрина» сынды танымал бразилиялық клубтардың намысын қорғады. 

2018 жылы Еуропаға ауысып, Португалия чемпионатында «Маритиму» мен «Эшторил» құрамында бірнеше маусым өнер көрсетті.

2023 жылы Әзірбайжанның «Габала» клубында ойнап, кейін Португалияға оралып, «Фаренсе» клубымен келісімшарт жасасты.

Португалияның жоғары дивизионында жалпы 75 матч өткізіп, үш гол соқты.

Бразилиялық қорғаушының соңғы клубы Түркияның Бірінші лигасында өнер көрсететін «Ван Спор» болды. Онда 11 матч өткізді. 

Бұдан бұрын «Арсенал» – «Қайрат» матчының билеттері сатылымға шыққанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар