Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы… Иран-Израиль жанжалы кімге пайдалы

ирано-израиль
Фото: Keystone Press Agency/Global Look Press

АСТАНА. KAZINFORM – 19 сәуір, жұмаға қараған түнде Израиль Иранның әскери нысандарына қарсы қарымта соққы жасағандай сыңай танытты. Бұл жайында кемінде бірнеше америкалық БАҚ бірден ақпарат таратты. Айталық, Bloomberg Вашингтондағы аты аталмаған шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, Израиль 18 сәуір, бейсенбіде АҚШ-қа 13 сәуірдегі шабуылға жауап ретінде бір-екі күн ішінде Иран нысандарына соққы беретінін ескертті деп жазды. Естеріңізге сала кетейік, Иран да сол бір шабуылы қарсаңында Парсы шығанағы елдерінің көптеген дипломатына жоспарлары жайлы ескерткен. Ал олар өз кезегінде бұл туралы АҚШ-қа хабарлап, содан кейін Израиль де құлағдар болған еді. Таяу Шығыста соғыс жалғаса ма, жоқ па? Kazinform халықаралық шолушысы Сұлтан Әкімбеков осы сауалға жауап іздеп көрген еді.

Израиль өңірлік коалиция құрмақ

Тегеранның бастапқыдағы-ақ жоспары шабуылды әсерлі етіп көрсете отырып, үлкен соғыстың басталуына алып келмейтіндей етіп жасау болған сияқты. Түптеп кегенде, Иран шабуылының шығыны да мардымсыз болып шықты. Тек, Иран тарапы ұшырған 350 зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қағып түсіруге Израиль, АҚШ, Ұлыбритания және Иордания әуе шабуылына қарсы қорғанысы атқан зымырандар құнын, яғни желге ұшқан миллиардтарды айтпағанда.

иран-израиль
Фото: irna.ir

Осы оқиғадан кейін Иран Сирияда 1 сәуір күні өлтірілген екі жоғары шенді генерал үшін кек алу операциясы аяқталғанын асыға мәлімдеді. Дегенмен, Израиль жауап қайтарар болса, онда мұнан да күшті соққы болатындығын да ескертуді ұмытқан жоқ.

Бүкіл әлем іштен тына Израильдің жауап реакциясын күткен-ді. Бірақ, қарымта соққы бірден болмады. Америкалық БАҚ-та таралған ақпаратқа қарағанда, АҚШ Израильді Иранға бірден қарымта соққы жасамауға көндірген сыңайлы. Дегенмен, мұндай мүмкіндік Израильдің әскери кабинетінде қарастырылған. Аталған комитет мүшесі Бенни Ганцт: «Иран қауіп-қатеріне қарсы өңірлік коалиция құрамыз әрі өзімізге қолайлы уақытта, өзіміз қажет деп санайтын түрде Иранды құн төлеуге мәжбүрлейміз», - деген еді.

Бұл жағдайда Ганцтің өңірлік коалиция құруға қатысты айтқан сөзі назар аударарлықтай болды. Коалиция дегенде тек АҚШ пен Ұлыбритания ғана меңзелмегені түсінікті. Мәселен, Иордания қосылуы мүмкін. Одан қалса, 13 сәуірде соққы жасалатындығы туралы ақпаратты АҚШ құлағына жеткізген кейбір араб елдері «Авраам келісімі» аясында Израильмен уағдаластыққа дайын болуы да ықтимал. Жалпы, Израиль мен араб елдерінің арасында аталған келісімді жасасу мүмкіндігіне қатысты мәселе Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрған кезде талқыланған болатын. ХАМАС 7 қазан күні Израильге лаңкестік шабуылды дәл осы келісімді болдырмау мақсатында жасады деген де пікір бар, яғни аталған келісімде ХАМАС мүддесі қорғалмаған-мыс.

Жоғары шенді израильдік саясаткердің сөзін дипломатия тіліне аударар болсақ, «Израиль Иранға едел-жедел соққы жасамайды, өйткені АҚШ өтініш жасады» дегенді білдіреді. Вашингтон жағдайдың ушыққанына мүдделі емес. Себебі, жағдай ушығар болса, онда өзіне де осынау жаңа үлкен соғысқа араласуына тура келеді. Мұнан бөлек, АҚШ Таяу Шығыстағы қарым-қатынасты реттеуге қатысты жоспарын тәуекелге ұшыратқысы келмейді. Өйткені, «Авраам келісімі» өңірдегі жағдайды реттеу үшін ойлап табылған еді.

Ганцтің тағы бір маңызды мәлімдемесі бар: «Қауіпті сын-қатерге төтеп берген біз құрған стратегиялық альянс пен өңірлік ынтымақтастық жүйесі қазір және барлық уақытта да нығаюы тиіс». Бұл ретте ол Израильдің 13 сәуірдегі соққы жасаумен байланысты жайтты емес, керісінше 7 қазандағы оқиғаға және одан кейін Газа секторындағы Израиль операциясына өңірдегі мұсылман елдерінің реакциясын меңзеп отыр.

АҚШ-та Израильге ықпал ететін тәсіл бар

Шындығында да мұсылман елдерінің реакциясы тіпті Газа секторында гуманитарлық дағдарыс туындаған кезде де барынша ұстамды болды. Сонымен бірге олар Таяу Шығыстағы үлкен соғысқа мүдделі емес екендігі де айқын. Соғыс туындаған жағдайда олар жанжалдан тыс қала алмайтындығы да анық.

Мәселен, 13-15 сәуірде әуе тасымалы тоқтап қалды. Дәл осы жайт Шығанақтағы араб елдерінің экономикасы үшін қолайсыздық тудырды. Мұнай өндірумен, көлік тасымалымен, халық арасындағы дүрбелеңмен және басқа да маңызды сәттермен байланысты проблемалардың туындауы өңірдегі Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Сауд Арабиясы сынды елдер жүзеге асырып отырған даму моделі үшін өте ауыр тиетіндігі анық.

иран-израиль
Фото: Pexels/Shanaka

Сондықтан олар Израиль болмағанның өзінде, АҚШ-қа Иранның шамына тимеуге көндіру үшін барлық дипломатиялық күш-жігерді қосуы тиіс болатын. Дегенмен, бұл жағдайда Вашингтонды сендірудің де аса қажеті бола қойған жоқ. Президент Джо Байден әкімшілігі онсыз да бұл соғысты қалап отырмағаны анық әрі Израильге ықпал ететін тәсілі де бар.

Мәселен, Израильдің емес АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдары жазған 19 сәуірдегі Иранға соққы Исфахандағы әскери базаға жасалған. Ал бұл әскери база Нетанздегі ядролық нысанды қорғап тұр әрі ол ресейлік С-300 әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешенімен жарақтандырылған.

Ескере кетерлігі, 13 сәуірдегі Иран тарапының негізгі соққысы Израильдің Негев шөліндегі әскери базасына жасалды. Израиль тарапы аталған базаның аздап зақымданғанын, сонымен қатар жергілікті бедуиндерден бір баланың жарақат алғанын жасырған жоқ.

Иран Исфахан ауданындағы жарылыстың бірнеше ұшқышсыз ұшатын аппаратпен байланысты екендігін мәлімдеді. Олар сонымен қатар зымыранмен соққы жасалғанын терістеп отыр. Иран ғарыш агенттігінің ресми өкілі Хосейн Далирианның мәлімдеуінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күшімен бірнеше ұшқышсыз ұшатын аппарат қағып түсірілген. Ал зымыранмен соққы жайлы ешқандай мәлімет айтылмайды.

Демек, Иран «түймедейді түйедей» қылмауға, тіпті Исфахан түбіндегі әскери базаға шабуылдан келген әсерді мейлінше азайтып көрсетуге тырысады. Әрине, бір апта бұрын Израильге қарай ұшырылған бірнеше жүздеген зымыран мен әуе шабуылына қарсы қорғаныстың нәтижесінде көкте жарылған зымырандардың жарқыл-жұрқылына қарағанда санаулы ғана ұшқышсыз аппараттың атып түсірілуі айта қоярлықтай әсер бермейтіндігі де түсінікті.

Сондықтан да қазіргі уақытта Израиль де, Иран да өздеріне қажетті әрекеттерін жасап болды әрі осымен шектеледі деп болжауға болады. Алайда мұның әлі де нақты дерек еместігі де түсінікті. Жағдай өте жылдам өзгеріп отырады.

Израиль Иранға шабуыл жасамайды, орнына не алмақ?

Израиль ұстамдық танытқаны үшін не алуы мүмкін екендігін де болжап көруге болады. Исфаханға жасаған болмашы шабуылына бір күн өткеннен кейін, 20 сәуір күні АҚШ конгресі Израильге 26,4 млрд доллар мөлшерінде көмек көрсету мәселесіне дауыс берді. Бұл көмектің 4 млрд долларға жуығы әуе шабуылына қарсы қолданатын зымыран түрінде болмақ. 13 сәуірдегі Иран соққысын тойтару үшін Израиль мұндай зымыранын өте көп мөлшерде шығындаған еді. Енді оның орнын толықтыру қажеттігі анық.

иран-израиль
Фото: ТАСС

Мұнан бөлек, жабық есік жағдайында өтетін келіссөздер мен кеңесулер барысында Рафах қаласының қатысты проблеманың көтерілуі ықтималдығы жоғары. Газа секторының оңтүстігіндегі бұл қала босқындарға толы. Қазірдің өзінде ол жерде 2 млн-ға жуық адам бар. Израиль тарапының пайымдауынша, дәл осы қалада ХАМАС-тың соңғы батальоны қоныстанған. Сондықтан біраз уақыттан бері Израиль дәл осы қалада әскери операция жүргізуге ниетті. Бірақ, оған АҚШ пен Еуропа елдері қарсы болып тұр. Ендігі уақытта Израиль өкілдері қалай болғанда да Рафахта операция жүргізетіндіктерін айтып отыр. Барлық мәселе осында жатуы да мүмкін. Айтпақшы, 20 сәуірде АҚШ қабылдаған Израильге көмек топтамасындағы қаражаттың біраз бөлігі гуманитарлық қажеттілікке бөлінген болатын. АҚШ бұл қаражатқа Газа секторында мәселен лагерь жағалауында палестиндік босқындар үшін тиісті инфрақұрылым жасауы мүмкін. Сол арқылы ХАМАС-ты шартты түрдегі «тірі қалқаннан» қағады. Мұның үстіне әскери іс-қимыл басталған жағдайда өлім-жітімге араб елдері «көз жұма» қарауы да мүмкін.

Дегенмен, Израиль армиясы шабуылының басталуы мүмкіндігі мен араб делдалдардың күш-жігері ХАМАС-тың келісімге келуге қатысты қандай да бір нұсқаға мойынсұнуына мәжбүрлеуі де ықтимал. Мәселен, ХАМАС көшбасшылары мен ең белсенді содырларын қандай да бір араб елдеріне эвакуациялау жайында сөз болуы мүмкін. Кезінде дәл осындай сценариймен Палестинаны азат ету ұйымының көшбасшылары Иорданиядан, Ливаннан шығарылған болатын. Тағы бір мысал – Сириядағы соңғы азаматтық соғыс кезінде Алеппо мен өзге де қалалардан қарулы адамдардың эвакуациялануы.

Қалай дегенде де тікелей әскери текетірестен жабық есік жағдайында өткен келіссөз артық. Дәл осындай дипломатияға да уақыт келіп жеткен сияқты. Өйткені, жанжал өте көп болып барады. Ал олардың тіпті мұндай форматтың өзінде де аяқталуы оңтайлы көрінеді.

Соңғы жаңалықтар