Брейкинг пен құзға өрмелеу шеберлері Шанхайда жолдамаға таласады
АСТАНА. KAZINFORM – 16-19 мамыр аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында брейкинг пен құзға өрмелеуден әлемдік лицензиялық жарыс өтеді.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, бұл сында брейкингтен Ұлттық құрама көшбасшысы Амир Закиров фавориттер қатарында сынға түседі.
Ал құзға өрмелеуден жанкүйерлер Ришат Хайбуллин, Әмір Маймуратов пен Тамара Олжабаеваның жолына үмітпен қарайды.
Айта кетейік, спорттың бұл түрінде лицензия спортшының жеке өзіне беріледі. Сондықтан жарысқа қатысатын спортшыларымыз аянып қалмасы анық.
Әр Ұлттық федерация Париждегі ойындарға 2 ер, 2 әйел апара алады. Қазір тек 13 мемлекеттің спортшылары квотаға қол жеткізіп үлгерген.
Шанхайда жолдама ала алмаған атлеттер бір айдан соң Мажарстан астанасында соңғы рет бақ сынайды.