Британ әншісі Крис Ри 74 жасында қайтыс болды

АСТАНА. KAZINFORM — Британдық рок және блюз орындаушысы Крис Ри (Chris Rea) 74 жасында өмірден өтті. Ол «The Road To Hell» және Рождество мерекесінде кеңінен танымал «Driving Home For Christmas» әндерімен әлемге танылған, деп хабарлайды Euronews.

Крис Ри
Фото: instagram.com/chrisreamusic

Музыканттың жары мен екі баласының атынан жасалған мәлімдемеде Крис Ридің сырқаттан кейін ауруханада, отбасының жанында көз жұмғаны айтылды. Ол Рождество мерекесіне үш күн қалғанда қайтыс болған.

Крис Риге бұрын ұйқыбез обыры диагнозы қойылып, 2001 жылы оған ота жасалған. Ал 2016 жылы инсульт алған.

Әнші 1951 жылы Ұлыбританияның Мидлсбро қаласында дүниеге келген. Ол 1970–1980 жылдары «Fool (If You Think It’s Over)», «Let’s Dance» және «The Road To Hell» сияқты хиттерімен кеңінен танылды. Ал 1988 жылы шыққан «New Light Through Old Windows» жинақ альбомына енген «Driving Home For Christmas» әні оның ең әйгілі туындыларының біріне айналды.

Бұл композиция үйіне қайтып келе жатқан шаршаған жолаушының әсерін суреттеп, жылулық пен мерекелік көңіл күйді жеткізетін ән ретінде бағаланады.

Крис Ри шығармашылық жолында 25-тен астам студиялық альбом шығарған. Оның «The Road To Hell» (1989) және «Auberge» (1991) альбомдары Ұлыбританияның музыкалық чарттарын бастап тұрған.

Бұған дейін «Криминалдық чтиво» фильмінің актері Питер Грин қайтыс болғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар