Британ армиясының бес жылқысы Лондон көшелерімен жарыса шапты

АСТАНА. KAZINFORM — Британ армиясының кавалериялық полкінің бес жылқысы шабандоздарын лақтыра сап, Лондон көшелерімен жарыса шапты, деп жазады Еuronews.

жылқы
Фото: euronews.com

Король Чарльз III-тің туған күніне арналған парадқа дайындық кезінде Британ армиясының кавалериялық полкінің бес жылқысы белгісіз себептермен шабандоздарын лақтыра сап, Лондон көшелерімен жарыса шаба жөнелген. Олар бірнеше сағаттан кейін ұсталды.

Жылқылардың бірі Букингем сарайының маңында тұрған таксиге, екіншісі тұрақта тұрған туристер автобусына соқтығысқан. Жылқымен соқтығысып және ұстау кезінде төрт адам зардап шекті. Кейбір жануарлар да жарақат алып, оларға ветеринарлық көмек көрсетілген.

Әлеуметтік желіде ақ және қара түсті қос аттың фотосы мен видеосы кеңінен тарап кетті. Біреуінің алдыңғы жағы қызыл түсті. Кейін оның қан екені анықталды.

Лондон қаласы полициясының хабарлауынша, екі жануар Лондонның орталығынан шығысқа қарай 6 км жерде орналасқан Лимехаус тұсында құрықталды.

Жылқылардың тұра қашуына не себеп болғаны белгісіз. Атты әскерлер полкі олар құрылыс жұмыстарының шуынан шошып кетуі мүмкін деп болжайды.

Жануарларға иелік ететін Британ армиясының кавалериялық полкі салтанатты шараларға, соның ішінде британдық монархтардың таққа отыруына қатысады.