Британ қорғаныс саласының қауқары күшейтілмек

әскер
Фото: sarbaz.kz

ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбритания қорғаныс саласына бөлінетін шығындарын еселеп, артилериялық снарядтар мен ракеталар өндірісіне жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына дейін жұмсамақ.

2030 жылға қарай шығын көлемі жылына 87 миллиард стерлинг фунтын құрағалы отыр. Билік өкілдері ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Бірақ олар бейбітшілікті қаласаң - соғысқа дайындал қағидасын берік ұстанғандай, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Консервативтік партия депутаттарының бірнеше айға созылған қысымынан кейін билік өкілдері осындай қадамға барып отыр. Қорғаныс министрі Грант Шаппс та қазіргідей алмағайып замандағы қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін әскерге бөлінетін қаражат көлемін арттыру керек деп талай айтты. Алдағы сайлауда биліктен кетуі бек мүмкін үкімет басшысы Риши Сунак Тори депутаттарының тәртібіне бас июден басқа амалы жоқ.

Премьер-министр Польшадағы әскери базада НАТО көшбасшысы Йенс Столтенбергпен кездесуге барып, мәлімдеме жасады. Қорғаныс министрлігіне оқ-дәрі өндірісін арттыру үшін алдағы алты жылда қосымша 75 миллиард стерлинг фунты бөлінеді. Осылайша Ұлыбритания НАТО-ға қорғаныс құралдарын жеткізуші екінші ірі мемлекет болғалы тұр.

«Бүгін Ұлыбританияның қорғаныс саласы үшін маңызды күн. Бұл еліміздің қауіпсіздігі мен дамуына құйылған инвестиция. Бұл бізді үйде қауіпсіз және шетелде мықтырақ етеді. Біз жамандық шақырмаймыз. Бізге соғыс қаупі төніп тұрған жоқ және оған ұмтылмаймыз да. Халық Ұлыбританияның қарулы күштері әлемдегі ең кәсіби, жақсы дайындалған, керемет жабдықталған және соғысуға қабілетті екеніне сенімді болуы керек», - деді Ұлыбританияның премьер-министрі Риши Сунак.

Қорғаныс бюджетінің кем дегенде 5 пайызы осы саладағы ғылыми зерттеулер мен талдауларға жұмсалмақ. Автономды дрондарға құйылатын қарды көлемі артады. Қорғаныс инновацияларының жаңа агенттігі құрылады. Оппозициялық партияның қатаң сынына ұшырамас үшін Сунак өз мәлімдемесінен кейін сайлаушылар әлі шешім шығара жатар деп әдеміледі. Лейбористер болса, алдағы сайлауда жеңіске жетіп, билікке келгеннен кейін «көрпемізге қарай көсілеміз» деп отыр.

«Лейбористер партиясы қорғаныс саласына жұмсалатын шығындарды қалтамыз көтерген жағдайда ғана арттырып, жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызына дейін көбейтеді. Біз билікке келгеннен кейін 12 ай ішінде қорғаныс пен қауіпсіздік саласына стратегиялық шолу жасауға уәде беремін», - деді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.

Биліктегілер қауіп бірінші кезекте Ресей, Иран, Солтүстік Корея және Қытай сияқты құндылықтары бөлек мемлекеттерден келуі мүмкін деп сескенеді. Қорғаныс саласына жұмсалатын шығындар еселенсе, салық көлемі артып, сыртқы қарыз көбеймейді дейді үкіметтегілер. Жоспар мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту арқылы жүзеге аспақ. Олардың саны пандемияға дейінгі 70 мың адамға дейін азайтылмақ. Бірақ бұған күмәнмен қараған экономистер бар. 2,5% пайыздық мақсатты көрсеткішке тек 2030-31 жылдары қол жеткізіледі. Бұл ресми қаржылық болжамдардың көкжиегінен тыс, яғни 2028-29 жылдары жылына тағы 2,5 миллиард стерлинг фунтын табу үшін қаржы көздері керек болады.

«Шығындар жалпы бюджетте жоспарланып қойған және түзетілмеді. Сыртқы қарыз көлемі ұлғаймаса және салықтар өспесе, басқа шығындарды қысқартуға тура келеді деген сөз. Үкіметтің есептері жаңылыстыратындай және ішкі қарама-қайшылықтарға толы. Қорғаныс саласына жұмсалатын шығын тым көп деп ойлаймын», - дейді Қаржылық зерттеулер институтының директоры Пол Джонсон.

НАТО-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысы жалпы ішкі өнімінің кем дегенде 2 пайызын қорғаныс саласына құюы керек. Бұл Солтүстік атлантикалық альянстың басты талабы. Дегенмен оған мүше елдердің 11-і ғана өткен жылы міндетті межеге жетті. Егер барлық 32 мүше ел талапты орындаса, НАТО бюджетіне 140 миллиард стерлинг фунты құйылар еді. Жалпы биыл 75 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан ұйымның бұрынғыдай қауқары жоқ. Оған мүше мемлекеттердің барлығы дерлік соғысты қалай жүргізу керектігін ұмытып қалған. Ал геосаяси сын-тегеуріндердің неше түрі күн сайын пайда болып жатыр.

Соңғы жаңалықтар