Британдық барлау қызметі жасырын интернет арқылы тыңшыларды тартпақ
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританияның сыртқы барлау қызметі MI6 жасырын интернетте (даркнет) жаңа портал ашып, шпиондар тарту жүйесін іске қосты, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.

Үкіметтің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, бұл платформа құпия ақпарат алмасуға мүмкіндік беріп, кез келген адамға әлемнің қай нүктесінде болса да өз қызметін қауіпсіз түрде ұсынуға жағдай жасайды.
«Әлем өзгеріп жатыр, қауіп-қатерлер артуда. Біз қарсыластарымыздан бір қадам алда болуымыз керек. Біздің үздік барлау агенттіктеріміз британдықтардың қауіпсіздігі үшін көрінбейтін майданда жұмыс істеп келеді. Енді біз олардың мүмкіндіктерін жаңа технологиялар арқылы күшейтеміз. MI6 Ресейде де, әлемнің кез келген елінде де жаңа агенттерді тарта алады», – деді Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Иветт Купер.
MI6 басшысы Ричард Мур да жаңа бастаманың маңызын атап өтті.
«Бізге жаһандық тұрақсыздық, халықаралық терроризм немесе дұшпан мемлекеттердің қызметі туралы құпия ақпарат бере алатындар қажет. MI6-мен енді онлайн режимде қауіпсіз байланыс орнатуға болады. Біздің виртуалды есігіміз ашық», – деді ол.
Жаңа портал АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының тәжірибесіне сүйеніп жасалған. Қажетті нұсқаулықтар британдық барлау қызметінің ресми YouTube-арнасында жарияланады.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, Ұлыбритания Ресейге қарсы санкциялар тізімін кеңейтті.