Британдық барлау қызметінің бұрынғы басшысы АҚШ-тың Иранға қатысты жоспарын бағалады
АСТАНА. KAZINFORM - Британдық барлау қызметі MI6-тың бұрынғы басшысы Джон Соэрс Таяу Шығыстағы шиеленіске қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

АҚШ-тың қақтығысқа тартылу ықтималдығы
Ұлыбританияның Халықаралық қатынастар жөніндегі корольдік институты — «Чатем Хаус» конференциясында сөйлеген сөзінде Джон Соэрс Израильдің әрекеттері АҚШ пен оның одақтастарын қақтығысқа тартуы мүмкін екенін айтып, мұның салдары болжап болмайтынын атап өтті.
- Израильдіктер бізді қақтығысқа тікелей араластырғысы келеді. Ондағы мақсат – Иранның ядролық бағдарламасын жою. Олар Иранның ураны байытатын «Фордо» зауытын жоя алмайды. Себебі оларды мұндай қару жоқ. Оның үстіне ол ең мықты қорғалған нысандардың бірі, - деді Соэрс.
Оның сөзінше, АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы беруі әбден мүмкін. Олай болған күнде олар негізінен уранды байытатын жерасты зауыттарын көздейді. Олардың қатарында «Фордо», Натанздағы нысан және «Кирка тауы» деп аталатын орынды атауға болады.
Соэрс Иранның құпия объектісі — «Фордоны» жою тек АҚШ-тың ғана қолынан келетінін айтты. Себебі ондай қару тек АҚШ-та ғана бар. Бұл — құпия бомбалаушылармен жеткізілетін бункерге қарсы бомбалар.
— Америкалықтар бұл нысандардың барлығына соққы бере алады. Бірақ кез келген әскери операцияда белгілі бір күмән болады, алдын ала нақты болжау қиын. АҚШ бұл істі жүзеге асыра алады, бірақ олар 30 мың фунттық екі немесе үш бомбаны бір жерге дәл түсіре алады деп толық сеніммен айтуға болмайды. Қажетті тереңдікке жету үшін дәлдік аса маңызды. Сондықтан тәуекел әлі де бар, — деп атап өтті британдық барлау қызметінің бұрынғы басшысы.
Енді не болады?
Джон Соэрстің пікірінше, АҚШ Иранның уран байыту зауыттарына соққы жасайтын болса, Тегеран жауапсыз қалмайды. Иран кек алуға тырысады, ал бұл өз кезегінде бүкіл әлемдегі америкалық және израильдік нысандарға қауіп төндіреді.
Ұлыбританияның ұстанымы
Мұндай жағдайда Ұлыбритания қалай әрекет етпек. Джон Соэрстің пікірінше, Ұлыбритания қатқығысқа тікелей араласпауы керек. Кир Стармер жетекшілік ететін қазіргі әкімшілік те осындай ұстанымда отырған болуы керек.
Дегенмен, ол АҚШ-тың Ұлыбританиядан нақты көмек сұрауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Соэрс Ұлыбритания АҚШ-қа Иранға қарсы операция жүргізу үшін Диего-Гарсия аралындағы әскери базаны пайдалануға рұқсат беруі мүмкін екенін айтты.
— Егер америкалық бомбалаушылар соққы жасайтын болса, олар мұны Диего-Гарсиядағы базадан жасайды. Айта кету керек, біз жуырда осы базаны пайдалануға рұқсат беретін ұзақ мерзімді келісімге қол қойдық, — деп қосты ол.
Осыған дейін Иран дағдарысы АҚШ сенатындағы дау-дамайдың тасасында қалғаны туралы жазған едік.