Британдық жанкүйерлер Дастан Сәтпаевтың алаңға оралуын күтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Британдық CarefreeYouth аккаунты X әлеуметтік желісінде қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың КПР-ға қарсы матчта «Бернли» клубының сапында болмауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports.kz.
Жазба авторы шабуылшының алдағы кездесуге арналған құрамға қосылмағанына назар аударып, оның тезірек сауығып кетуін тіледі.
— Сәтпаев жарақатына байланысты команда құрамына енбеді. Халықаралық үзілістен кейін қатарға қосылады деп үміттенемін. Сондай-ақ жаңа бас бапкер маусым барысын өзгерте алады деп сенемін. Өйткені қазір команда төменгі лигаға түсіп қалу аймағында тұр, — деп жазды CarefreeYouth.
Айта кетейік, қазақстандық футболшының қатардан тыс қалуына санның артқы бұлшықетінің жарақаты себеп болған. Бұған дейін «Бернлидің» бас бапкері Фабио Челестини клуб футболшының құқығына ие «Челсимен» бірлесіп, оның жағдайын бағалап жатқанын айтқан еді. 18 жастағы шабуылшының нақты қашан алаңға оралатыны әзірге белгісіз.
Чемпионшиптің 14-туры аясындағы КПР-ға қарсы матч Лондондағы «Лофтус Роуд» стадионында өтті. Кездесу бүгін, 4 қарашада Қазақстан уақытымен 00:45–те басталды.
Кездесу нәтижесі
Матчтағы алғашқы голды 38-минутта «Бернли» сапынан Ларжи Рамазани соқты. Ол Джейми Варди берген пастан кейін алыстан дәл соққы жасады. Ал 65-минутта алаң иелері Джонатан Варан голының арқасында есепті теңестірді. Қалған уақытта командалар нәтижені өзгерте алмады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаев команданың жаңа бас бапкері Фабио Челестини жетекшілік еткен алғашқы ойында да «Портсмутқа» қарсы алаңға шықпаған еді. Ол кездесуде «Бернли» 0:0 есебімен тең түсті.
Бұл — «Бернлидің» Чемпионшиптегі қатарынан бесінші сәтсіз ойыны. Бұған дейін команда сырт алаңда «Уотфордты» 4:0 есебімен жеңіп, маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді.
Челестини қазан айының соңында Никки Хайеннің орнына «Бернлидің» бас бапкері болып тағайындалды. Чемпионшиптің 13 турында команда 9 ұпай жинаса, КПР-мен тең түскеннен кейін еншісінде 10 ұпай бар. Қазір команда 22-орынға тұрақтады. Енді клубтың төменгі лигаға түсіп қалу қаупі бар.
Бұған дейін Дастан Сәтпаевтың қашан 90 минут ойнауға дайын болатыны туралы жазған болатынбыз.